ҮРЕЙМЕН ӨТКЕН БІР ЖЫЛ: КОРОНАВИРУС БОЙЫНША ОБЛЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 11.03.2021
Оқылды: 1132
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемді жайлаған қауіпті індетпен күрес жұмыстары басталғалы бір жыл өте шықты. Бүкіл адамзатты алаңдатқан қауіпті вирус жұмыр жерді бір қауызға сыйдырып жібергендей әсер қалдырды. Үрейге толы бір жылда адам өміріне үлкен өзгерістер енді. Алайда бұл сынақта да ауызбіршіліктің, бір-бірімізге деген қамқорлық пен адами құндылықтардың маңызды екенін түсіндік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты әлемдік пандемия деп танығаннан кейін ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ дер кезінде шешім қабылдап, Қазақстанда төтенше жағдай жариялады. Сақтық шаралары күшейтіліп, барлық мекемелерде жұмыс режимі шектелді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, індетпен күресте үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Міне, бір жыл ішінде ауруды толық ауыздықтамасақ та, арақашықтық сақтап, бетпердемен өмір сүруге бейімделдік. Екпе қабылдау жұмыстары басталып, елімізде эпидахуал тұрақтала бастады. Десек те, босаңсуға, арқаны кеңге салуға әлі ерте.

Індетпен ойнауға болмайтынын, сақтық шараларын ұстанбасақ, қайтадан жағдай ушығып кететінін дәрігерлер үнемі айтып келеді. Президентіміз әлеуметтік желіде де арнайы жазба жариялап, дерттің қатері әлі де сейілмегенін айтты. «Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», – деді Президент.

Осы орайда облыс аумағында да коронавирусты жұқтыру жағдайы толастамағанын, карантин талаптарын бұзу деректері көптеп кездескенін жасыра алмаймыз. Алматы облысы «жасыл аймақта» тұрғанымен, өсім тәулігіне 0,4 пайызды құрап отыр. Осы уақытқа дейін облыста барлығы коронавирус инфекциясын жұқтырған  11 366 адам тіркелген. Оның ішінде, 4787 адамнан КВИ симптомдары анықталған. Қуанарлығы, 10 122 адам емделіп шыққан. 510 пациенттің 348-і үйде оқшаулау жағдайында, 162 адам инфекциялық бөлімшелерде ем қабылдап жатыр.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыста бір күнде (10 наурызда) 45 адамнан коронавирус инфекциясының белгілері анықталды. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің бақылауында 2 464 адам бар, оның ішінде стационарлық емдеуде 548 адам назарға алынған.

Инфекциялық стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты төсек қорының саны 1370 -тен 1292 төсекке дейін төмендеді. Инфекциялық стационардың 1 деңгейдегі жүктемесі  40,5 пайызды құрады, 2 деңгейдегі жүктеме (провизорлық) – 43,3 пайызды көрсетті. Жалпы, облыста 1292 инфекциялық төсек-орын бар. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияға күдікті және расталған адамдар үшін реанимациялық төсек саны 124-тен 135-ке дейін артты.

Коронавируспен күреске барлығы жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд.теңге бағытталды. Медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету аппараты) жұмыс істейді.

Облыстың 17 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, оттегі концентраттарының саны 1350 данаға дейін жеткізілді, оксигенотерапиямен қамту 45 пайыз төсекке жеткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 26 реанимациялық бөлімшеге қажетті жабдықтар (135 төсек) қойылған. Диагностика және емдеу хаттамалары сақталуда. Жоғары ағынды оттекті терапия әдісі енгізілді. 36 «Хай Флу» аппаратының көмегімен 1000-нан астам адам ем қабылдады.

Жалпы, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету 89 пайызға дейін артты. 180 «Жедел жәрдем» көлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Бригадалар саны 205-ке дейін артты. Аз күнде өңірде 200 төсектік жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Ауыр жағдайдағы науқастар мен балаларға арналған көп бейінді ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылды. Қажет болған жағдайда 5280 төсек-орын орналастырылады.

Коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізілді. Облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдарының, дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Бұдан өзге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен вирусқа қарсы препараттар сатып алынды.

Облыста 1,3 млрд.теңгеге тұрақтандыру қоры құрылды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 41 атауы "INKAR"ЖШС қоймаларына бөлінген. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде 3455 медицина қызметкері тартылды. Сондай-ақ, ЖОО-ның 45 түлегі, медициналық колледждің 281 түлегі және зейнеткер дәрігерлер науқастарға консультативтік көмек көрсетеді.

Дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан-Ресей медициналық университетімен денсаулық сақтау мамандарын, интерндерді, резиденттерді көпдеңгейлі даярлау бойынша оқу орталығын құру туралы Меморандум жасалды.

Қазіргі таңдағы ең маңызды қадам – коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы. Ағымдағы жылы облысқа "Спутник V" вакцинасының 150 мың дозасын жеткізу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 ақпанында сағат 03.00-де барлық талаптарды сақтай отырып, "Медсервис Плюс" КФК" ЖШС облыстық қан орталығының сақтау қоймасына Нұр-Сұлтан қаласынан "Спутник V" бірінші компонентінің 1450 дозасы жеткізілді. Вакцина көлемі 5 текше метрлік мұздатқыш камерасында сақталады.

Бүгінгі таңда вакцинаны сақтауға арналған мұздатқыштар барлық 27 медициналық ұйымда бар. Қазіргі уақытта 48 мұздатқыш және 104 белсенді термоконтейнерлер бар.

Талдықорғанда, Қарасай, Қаратал, Еңбекшіқазақ аудандарында екі компаненттен 1 450 адамға екпе жасалды. Облыс бойынша дәрігерлерді, мұғалімдерді, полицейлерді жаппай вакциналау басталды. Облысқа  9 900 доза вакцина жеткізілді, КВИ-ға қарсы 2232 адам егілді. 27 медициналық ұйымда 30 егу кабинеті дайындалды. Медициналық қызметкерлермен халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды жүргізу алгоритмі бойынша семинар өткізіліп, 569 медицина қызметкері аттестатталды. Вакцинациямен 150 мың адамды қамту жоспарлануда, оның ішінде 14,2 мың медицина қызметкері, 33,2 мың педагог және басқалар бар.

Облыста 10 зертхана жұмыс істейді. Онда тәулігіне 6,3 мыңға дейін зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Соңғы мәлімет бойынша, ПТР әдісімен 473 818 адам зертханалық тексеруден өткен.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан