Жүрекке ашық ота жасайды

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 2125
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина саласында екінің бірінің  қолынан келмейтін кәсіп болады. Ол – ерекше дарындылықты, қасиет-қарымды, білімділікті, ептілікті, жүректілікті қажет ететін сала. Мәртебесі өмірмен салмақтанатын кәсіптің иесі – кардиохирург деп аталады.  Адамның ағзасында жүректің атқаратын міндеті ерекше. Егер, жүрек жақсы қызмет атқарса, басқа ағзалар да сау болмақ. Ерлан Мәшімбаев Талдықорған өңіріндегі кардиология орталығының «Алтын қол» дәрігері.

 Ол жүрекке жабық және ашық ота жасаудың хас шебері. Ерлан Класұлы  қазіргі заманғы медициналық озық технологияның 20-дан артық түрін меңгерген. Ол облысымыз бойынша  он жылдан артық уақыт  жүрекке ашық ота жасаумен жалғыз өзі айналысып келеді. Үздік маман  жүректегі жарамсыз тамырларды ағзаның басқа жерінен алынған тамырлармен алмастырады.  Қарап тұрсақ, ақылға сыймайтын шаруа сияқты. Аяқтың тамырларын  кесіп алып, жүректің қызметін атқартады. Тамырдың жіңішкелігін көз алдыңызға елестетіңізші. Соны қиып алып, ортасына басқасын әкеліп жалғау қанша ойласаң да ақылға сыймайды. Бірақ, білікті маман қан тамырын анадан туғандай қалтқысыз қызмет атқаруға келтіріп береді. Бір оқиғаға куә болдық. Жасы       70-тер шамасындағы әйел адам екі иығынан демалып, жаны қиналып жатыр. Тыныс алуы оның өміріне қауіп төніп тұрғанын аңғартады. Дәрігердің түсіндіруінше, қан тамырларының іші қақтанған.  Яғни, түтікшеден сұйықтық жүрмей қалған.  Қан айналмаған соң  барлық ағза әлсізденген.  Аяқ-қол суып, оттегі тасымалданбайды. Ерлан Класұлы  өмірге қауіптіліктің  80 пайызды  құрайтындығын айтты. Бірақ, туыстары науқасты кардиология институтына апармай, отаны осы жерде жасатуға өтініш білдіріп тұрғанын жеткізді.  Журналист болғандықтан мәселенің ары қарай қалай өрбитінін білгіміз келді.  Ақыры, ота ертеңінде  сағат таңғы сегізде басталатын болды.  Ота ашық жасалады.  Жүрек-қантамырлары алмастырылады.  Жарамсызының орнына аяқтың бұлшық етінен тамыр кесіп алынады. Айтуға оңай болғанымен,  ота жасаушының, пышаққа ілінушінің, осыған куә біздің де көңіліміз алаң. Ал, сырқат жанның бала-шағасының  жанары жасқа толы. Туыстарына хабарласып отырдық.  Ота төрт жарым сағатқа созылды. Аяқталды-ау, деген кезде біз де  диагностикалық орталыққа бардық. Медбикелер  дәрігердің  ота бөлмесінен шыққанын жеткізді. Ал науқастың халін тек  Ерлан Класұлының айтатынын жеткізді. Медбикенің сабырлы сөзіне қарап, сәттілікті болжадық.  Енді, Ерлан дәрігердің ерлік жасағандағы жүзін көріп, сырқаттың халін біліп, алғысымызды айту. Ыңғайы келсе  газет оқырмандарын қызықтыратын бір-екі сұрақ қою. Бірақ дәрігер кешікті.  Айналасы сүт пісірім уақытта медбике шығып, Ерлан Класұлының тағы бір жағдайы ауыр науқасқа шұғыл ота жасауға арнайы бөлмеге кіріп кеткенін айтты.  Не деген жанкештілік деген ой келді.  Дәрігерді аядық.  ... Үш күннен кейін сырқатқа кіруге рұқсат етілді.  Палатада үш адам жатыр. Біздің кейіпкеріміз ең шеткі төсекте.  Жанары нұрға толы.  Жағдайы жақсы. Өзін ұшып жүргендей сезінеді. Төсектің жоғары жағына жіп байлап қойыпты.  Сол жіппен тартылып, қозғалыс жасауға бейімделу керек.  Науқас сонымен тартылғанын бізге мақтанышпен көрсетті. Қимылы ширақ, жүзі бал-бұл жайнайды. Осыдан-ақ, Ерлан Мәшімбаевтің ерен еңбегін сезіне береңіз. Ерланның медициналық білім алған шаңырағы      Н. Бурденко атындағы Воронеж мемлекеттік медицина академиясы.  Келесі білімін жетілдірген  оқу ордасы  А. Бакулева атындағы Ресей медициналық ғылыми академиясының жүрек-қантамыр хирургиялық ұлттық орталығының  жүрек-қантамыр хирургиясының маманы.  Қызметін Астанада  Ұлттық ғылыми  медицина орталығының кардиохирург дәрігері мамандығы бойынша бастаған. Ол 2008–2010 жылдары Алматы қаласы «Қалалық кардиологиялық орталығы», кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Алтын қолды дәрігер 2012 жылдан бастап «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық кардиологиялық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының кардиохирургия бөлімінің менгерушісі  қызметін атқарып  келеді.
Содан бері облыстық кардиология орталығында кардиохирургиялық дәрігер бригадасын құрып, туабіткен және жүре пайда болған жүрек ақауы бар науқастардың жүрегіне  ота жасауда. 
2016 жылдың ішінде 190 ота  жасалған.  
Ерлан Класұлы жоғары санатты  кардиохирург. Жалпы медициналық өтілі 13 жыл. Отандық кардиохирургия саласындағы тұңғыш дәрігер деп  айтуға болады. Білікті дәрігерді халықаралық кардиохирургиялық конгрестерге Пекин, Барселона, Вена, Италия, Мәскеу, Астана, Амстердамға бірнеше қайтара шақырды. Дәрігер осылардың барлығына барып, білімін үнемі жетілдіріп отырды. Ол европалық кардиоторакалдық хирургтар ассоциациясының мүшесі. 
Дара дәрігер   жүрекке ота жасаудың қыр-сырын әбден меңгерген.  Ол кез келген шұғыл оталарды  уақытпен санаспай мойнына алады. Ұжым, қала берді облыс медицинасы Ерлан Класұлымен мақтанады.

Гүлжан ТҰРСЫН