Мейірімге толы жүрегі

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 2202
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицинаның адам жанына қажет емес саласы жоқ. Біз өміріміздің соңғы минутына дейін хирург дәрігеріне жолықпасақ та педиатр маманның алдына бармауымыз әсте мүмкін емес. Бүгінгі біздің кейіпкер қалалық емханада балалар дәрігері қызметін атқаратын, 1046 баланың денсаулығына жауапты, 47-бөлімшенің  білікті де білімді маманы Майра Оразалы.

Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Педиатр неше түрлі жағдайларда жұмыс істейді. Мысалы, балаларды тексеруден өткізіп тұру, олардың денсаулығын қадағалау, науқасты емдеу, ауруының асқынып кетуіне жол бермеуді негізгі мақсат еткен білімді де білікті маман жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаудан шаршаған емес. Медицина саласында он екі жылдық еңбек өтілі бар Майра Айтуарқызы еңбек жолын Талғар аудандық ауруханасында клиникалық зертхана меңгерушісі қызметінен бастаған. 
– Педиатр мамандығының жұмысы өзіме қатты ұнайды. Өйткені бір ата-анадан баласы жүреді ме, еңбектейді ме, тісі шықты ма, неше сөз айтады деп бастасаңыз болды, ата-аналар «күледі», «мама», «папа» – дейді деп ағынан жарылып баласының қызықтарын айтып беріп жатады. Нәресте деген періште ғой, олар сіздің көңіл-күйіңіздің бәрін бірден сезіп қояды. Нәрестенің анасымен сөйлесіп отырғанда, әрине, қуанасың. Ал кейбір балаларда тісі, шаштары шықпай жатады. Осындай шағымдарды естігенде ата-анамен қосылып өзің де уайымдайсың. Баламен жұмыс істегеннен соң оның табанын басқанынан не жегеніне, не айтып, не істегеніне дейін бәрін бақылап отырамыз. Қыс мезгілінде бізде бронх-өкпе жүйесінің аурулары көбейеді. Бұл қысқы уақытта ең қорқатын ауру. Ал жаз маусымында жедел ішек инфекциясы басталады. Балаларды білесіз ғой, аузына әр нәрселерді салады. Дүниені енді танып келе жатқан бала жазғы уақытта көбейіп кететін жеміс-жидектерден бастап, тас, құмырсқаға дейін аузына салып көріп жатады. Соның бәрі ішек инфекциясына әкеліп соғады. Сол кезде құсу, іш өтуден басталған аурудың соңы баладан айырылып қалатын кездерге дейін жетеді. Оның бәрін алдын алу үшін ата-аналарды ескертіп, балабақшаларға арнайы барып профилактикалық жұмыстар жүргіземіз, – дейді маман.  
Өте ауыр мамандыққа асқан төзімділікпен қараған маман бауыр еті балаларын табыстаған ата-ананың сеніміне ешқашан да селкеу түсірмеуді бірінші ойлайды. Майра Айтуарқызының бір күндік жұмыс күнінің төрт сағатын балаларды қабылдауға арнайды. Бір күнде ең көбі алпыс, ең азы жиырма баламен кездеседі. Бұл мамандық иелері есік күзетіп кезекте тұрған барлық ата-ана мен баланың көңілін аулауға тырысады. Қабылдау аяқталысымен балалардың барлығын бірден электронды картаға тіркеу заман талабының үлкен әрі тиімді жемісі. Осы тұста медбике Рысхан Тұмабаеваның зор еңбегін де атап өткен жөн. Сонымен қатар, Майра Айтуарқызы өзіне бекітіліп берілген бөлімшесіндегі ата-аналардың шақыртуымен күніне       10-12 шаңырақтағы нәрестеге барады. Оның ішінде жаңа туған сәбилер мен он бес жасқа дейінгі балалар да бар. Әрбір отбасының үкілеген үмітіне шуақ шашып, өз шаңырағына оралғанша сағат тілі кешкі сегізді көрсетіп тұратынына өзіміз куә болдық. Бұдан біз өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын маманның мамандық алдындағы адалдығын, тазалығын аңғардық. Сол себепті де, оған сонау Шымкент қаласына көшіп кеткен кішкентайдың ата-анасы балаға арнайы екпе салдыруға Талдықорғанға келген. Тіпті, Ресейге қоныс аударған егіз баланың отбасы біздің кейіпкерді «Отбасымыздың ең сенімді дәрігері» деп қимай қоштасқан. 
Жанашырлық пен адамгершілікті ту еткен ақ халаттың иесі әр баланың жанын да, тәнін де емдеп, балдай тәтті сөздерді кішкентайларға арнауды өзінің басты міндеті санайды. Өмірде ешқандай да бала ауырмаса екен деген ізгі тілегі де бар. Олай болса, бала денсаулығына тікелей жауапты маманның еңбегіне табыс тілейміз. 
Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.