КОРОНАВИРУС: ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА 90-ҒА ЖУЫҚ НАУҚАС ЕМ ҚАБЫЛДАУДА

Уақыты: 03.04.2021
Оқылды: 869
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарасай аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері коронавирус инфекциясына қарсы күрес басталғалы алғы шепте келеді. Бүгінге дейін бұл жерде 400-ден аса адам ем қабылдап, жазылып шыққан. Бұл жайында "Жетісу" газеті хабарлады.

Әлемді әбігерге салған тәжді тажал  еліміздің есігінен енген күннен бастап аталған аурухана қауіпті дертті  жұқтырғандарды емдеумен айналысуда. Жұқпалы індеттермен күресуде тәжірибесі мол ұжым бұл шараға үлкен дайындықпен келген. Ең алдымен, медициналық қызметкерлер қосымша дайындықтан өткізіліп, қорғану киімдерін пайдалану, сақтану шараларын бұлжытпай орындау дағдыларын қалыптастырыпты. Өзге емдеу мекемелері төтенше жағдай өзгертілгеннен кейін қалыпты жұмыс кестесіне көшсе, мұндағылар төтенше жағдайдағы жұмыстарын жалғастыруда.

– Былтыр коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны шарықтау шегіне жеткенде ауруханада 80 адамға дейін ем қабылдады, – дейді жауапты дәрігер Шыныбек Сағитов. – Аудан, облыс басшылары тарапынан үлкен қолдау көргенімізді айтқым келеді. Мекемеге қажетті медициналық құралдар, соның ішінде өкпені жасанды желдететін аппарат, оттегі концентраторлары, түтікпен жіберілетін оттегі, барлық керекті дәрілерден тапшылық көрген жоқпыз. Дәрігерлеріміз бен медбикелеріміздің, тазалықшылардың алаңсыз өз қызметтерін атқаруына мүмкіндік жасалынды.

Иә, төтенше жағдай кезінде айлап ауруханадан шықпай еңбек еткен медицина қызметкерлері жатын орынмен, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген екен. Оларды жұмысқа алып келіп, қайта апаруға арнайы көлік те бөлінген. «Қызыл аймақ» талаптарының қатаң орындалып, індеттің таралмауы үшін екі пост жұмыс жасап тұр.

Тәулігіне 24 сағат «қызыл аймақта» жүретін дәрігерлер қорғану шараларын мұқият сақтауға дағдыланған. 14 күн бойы ауруханадан шықпай, қатерлі індетпен күресіп жүрген ақ желеңді абзал жандар ауысымдары аяқталар кезеңде міндетті түрде ПЦР сынамасын өткізіп, денсаулығынан ақау анықталмаған жағдайда ғана үйлеріне қайтуға рұқсат алады. Бұл уақытта келесі медициналық топ кезекшілікке түседі. Ең бастысы, мұнда еңбек ететін медицина қызметкерлері толықтай коронавирусқа қарсы вакцина қабылдап үлгеріпті.

– Бүгіндері «COVID-19» пандемиясының екінші толқыны өз күшіне еніп тұр, – дейді Шыныбек Жәрдемұлы бізге берген сұхбатында. – Қазірдің өзінде ауруханада 90-ға жуық науқас ем қабылдауда. Біздің Қарасай аудандық ауруханасына Іле, Талғар аудандарының, сонымен қатар, өзге өлкелерден келген адамдар да жатқызылады. Осыған байланысты ауру жұқтырғандар саны артатын болса, қабылдауға дайын болу үшін төсек санын 150-ге дейін жеткіздік. Біздің емдік шаралар коронавирустың британдық, африкалық мутацияларына қарсы тұруға қауқарлы. Сондықтан, қатерлі дертке қарсы күресіміз нәтижелі болмақ.

Өз өмірлері мен денсаулықтарына қауіп төніп тұрғанына қарамастан адамдарды аурудан арашалап жүрген дәрігерлерге мемлекет тарапынан қолдау мен көмек көрсетіліп келеді. Гиппократ антына берік осындай жандардың қатарында жүрген реаниматолог Берікқали Баймұрат, жалпы тәжірибедегі дәрігер Меруерт Жұмабаева, медбикелер Гүлбану Самигуллина мен Гүлжанат Шатановалар және олардың әріптестеріне жұртшылық атынан алғысымызды білдіргеніміз артық болмас.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы