КОРОНАВИРУСТЫҢ ОБЫРҒА ШАЛДЫҚҚАНДАРҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ? ДӘРІГЕР ЖАУАБЫ

Уақыты: 06.04.2021
Оқылды: 907
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында «Коронавирус қатерлі дертке шалдыққандар үшін несімен қауіпті?» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Оған Алматы аймақтық көпсалалы клиника директорының орынбасары Игорь Новиков және Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиника директорының міндетін атқарушы Мадияр Өмірбаев қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Спикерлердің  айтуынша, коронавирус індеті қатерлі ісік дертіне шалдыққандар үшін қауіпті. Себебі, иммунитеті төмендеген ағзаның тағы бір қауіпті індетпен күресуі ауырлық тудырады. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, өкпе обырына шалдыққандар дертті көтере алмауда. Өткен жылы қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың 45-і коронавирус жұқтырғандықтан өмірмен ерте қоштасқан.

Мадияр Аманкелдіұлының сөзінше, өткен жылы облыс бойынша 2563 адам қатерлі ісік дертімен тіркелген. Бүгінде олар жүйелі ем алуда. Дәрігердің айтуынша, барлық ауруханаларда фильтр кабинеттері бар. Яғни, ыстығы көтерілгендер сол жерге көшіріліп, оқшауланады. Емханалар мен басқа да емдеу орындарына келгендерді дене қызуын өлшегеннен кейін барып кіргізеді.

Дәрігерлер Кербұлақ және Қаратал аудандарында болып, тұрғындармен кездесу өткізген. Онда денсаулық сақшылары уақытында скринингтік тексеруден өту, кеселді ерте анықтаудың тиімділігі жайлы айтқан. Сондай-ақ, қатерлі ісік сырқатына шалдыққандар коронавирус жұқтырса қауіптің арта түсетінін түсіндіруде. Дәрігерлер мұндай кездесуді басқа аудандарда да өткізу жайлы жоспарлары барын айтты.

Баспасөз мәслихатында журналистер қатерлі ісікке шалдыққандардың коронавирус жұқтырғанда қандай ем қолданатыны жайлы сұрады. Спикерлер оларға арнайы бекітілген ем-шара тағайындалатынын жеткізді.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды