ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Уақыты: 26.06.2021
Оқылды: 2296
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адам денсаулығына аса қауіпті індетті ауыздықтаудың бірден бір жолы – вакциналау екендігін екінің бірі түсінетін, сезінетін уақыт келгені бесенеден белгілі. Осы күні елімізде қарқын алған бұл істі бәсеңсітпей, екпе алуды жеделдету жұмыстары  жалғасын табуда.  Оған ірі кәсіпорындар мен мекеме ұжымдарының жұмыла атсалысуы маңызды екендігін Талғар ауданы әкімінің орынбасары Барлық Төреханов алқалы жиында  сөзіне арқау етті. Келелі кеңеске аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, орталық аурухана, кәсіпорындар мен мекеме басшылары және қоғамдық кеңес өкілдері қатысып, ортақ ой өрбітті.


– Сақтық шаралары әлі де күн тәртібінде тұр. Орны толмас өкініштің алдын алып, болашағымыздың, ұлтымыздың саулығын сақтап, қауіпті індеттің таралуын тежеу үшін вакцина алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Бұл – біздің отбасымыздың, айналамыздың амандығы үшін аса маңызды. Егу жұмыстары қарқын алғалы бері ауданда індетке шалдыққандар саны күрт кеміп, ахуал анағұрлым жақсара түскендігін қуана айтқым келеді. Босаңсуға әлі ерте, себебі, елімізде індеттің үнді штаммына тән мутация таралуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Барлық Әдепханұлы.

Кеңес жұмысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары  Б. Төреханов екпе алудың тиімділігі жайында мекеме, кәсіпорын ұжымдарында жан-жақты ақпар беріп, түсіндірме жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Бүгінде халық саны көп шоғырланған Талғар қаласындағы орталық ауруханада, №1 мен №6 орта мектептерде таңғы 8-ден кешкі 18.00-ге дейін үш егу пункті үзіліссіз жұмыс істеуде.

Ұлбосын ИСАБЕК