Медициналық сақтандырудағы дәрежеңізді анықтаңыз

Уақыты: 10.08.2017
Оқылды: 1478
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ену күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР медицина мекемелеріне тұрғындарды тіркеу, осы жүйеге байланысты халықтың дәрежесін анықтау және ақпараттандыру жұмысын пысықтаған селекторлық жиын өткізді. Отырыста әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарының барысы да талқыланды.

Сақтандыру жүйесіне  кіру алдында тұрғындардың медицина саласында қай санатқа  кіретіні  анықталуы тиіс. Тұрақты жұмыс істейтіндер бір санат,  жұмыссыздар екінші санатқа жатады. Яғни жұмыссыздар әлеуметтік қорғалуы тиіс топ ретінде мемлекет тарапынан қорғауға алынады.  Осы орайда әр медицина мекемесі өзінде тіркелгендердің  қай дәреже арқылы дәрігерлік көмек алатынын  білуі тиіс.   Отырыста мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдері  құзырлы мекемелер тізімінде әлі күнге дейін қайтыс болған адамдардың  аты-жөндерінің жүргендігін атап өтті.  Облыстық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының  орынбасары Сәния Наурызбаева  бұл сөздің шындық екенін айтты. Әділет департаменті атқаруы тиіс  шара  әлі күнге  бір жүйеге келтірілмеген. Денсаулық сақтау саласындағы  дәрежені анықтау барысында әрбір басқарма  өз саласы бойынша  жұмыс істеуі тиіс. Білім басқармасы басшысының орынбасары   Майгүл  Омарова  білімгерлер  арасында  дәреже анықтау  іске асырылып жатқанын айтты. Облыс оқу орындарында барлығы 26279 білімгер болса,  бүгінде солардың 18721-нің  ғана дәрежесі анықталған. Жақсылық  Омар білім саласында мұндай олқылықтың болмауы керектігін айтты. Тұрғындардың дәрежесін анықтауда  Іле, Панфилов, Талғар, Қарасай  аудандарында  жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығы анықталды.  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Асқан Байдувалиев міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру жүйесіне ену барысында дайындықтың өз деңгейінде іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.  Бұл орайда  голл орталықтың іске қосылғанынан хабардар етті. Көпшілік негізінен сол орталыққа хабарласатын көрінеді.  
Екінші мәселе ақпараттандыруға байланысты қозғалды.   Медицинадағы жаңалықпен ақпараттандыруға барлық мекеме басшылары  жұмылдырылмақшы. Керек болған жағдайда мәдени шаралардың алдында  роликтер көрсетілмекші.  Жастар саясаты басқармасының сақтандыру жүйесін енгізуге  көмектесіп, түсіндіру жұмыстарына атсалысуы керектігі айтылды. Сондай-ақ, сақтандыруды түсіндіруде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары да негізгі жүкті көтеріп келеді. Ары қарай да тілшілердің түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс екендіктері айтылды.  
Отырыстағы соңғы мәселе  әлеуметтік  мекемелердің құрылыс жұмысын жандандыруға байланысты өрбіді.  Жауапты мамандардың айтуынша, ырғақ қалыпты.  Құрылыс кестеге сай жүріп келеді.  Мәдениет, білім саласы нысандарының құрылыс жұмысы  сапалы жүргізілуде. Кешеуілдеп жатқан бір-екеуіне  әлеуметтік сала басшылары  барып,  кестеге сай жүргізілуін талап етеді.   Өйтпеген жағдайда ақшасы аударылмайды. Болашақта  оларға өңірден нысан алуға жол жабылатыны ескертіледі. 
Селекторлық жиыннан түйгеніміз, жергілікті жауапты басшылар берілген тапсырманы орындауға күш салуда. Бірақ, кемшіліктер де жоқ емес.  Шабандық байқалады.  Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары  Жақсылық Мұқашұлы жайбасарларды сынға алды. Келесі отырысқа жан-жақты дайындалып, жұмыстың жанданғанын нақты цифр арқылы айтулары керектігін  қадай тапсырды.

Гүлжан ТҰРСЫН