МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ АРТА ТҮСТІ: ЖАРТЫ ЖЫЛДАҒЫ КӨРСЕТКІШ

Уақыты: 23.07.2021
Оқылды: 865
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесімен қамту бойынша жұмыс тұрақты жүргізілуде. Биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 1 622 257 адам медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстағы филиал директоры Нұрлан Отарғалиев «Jetіsý media» ақпараттық алаңында жасаған баяндамасында айтты. Сондай-ақ, Нұрлан Таңжарықұлы сөз арасында:

– Биыл ерекше назар профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын сақтауға, мектеп медицинасына, онкогематологияға аударылатын болады. Қор тарапынан ЭКҰ-ға квоталарды ұлғайту бойынша «Аңсаған сәби» және ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалтуға «Қамқорлық» бағдарламаласы іске асырылуда. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2021 жылы «Жамбыл аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында балаларға оңалту жүргізілуде. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота көлемі 7 есеге ұлғайды. 2021 жылдың 6 айында коронавирус ауруынан кейін 1 404 науқас 102 млн.теңгеден астам сомаға оңалтудан өтті. Осы оңалту түрі бойынша барлығы 15 медициналық ұйым қызмет көрсетті, – деді.

Филиал директоры қордың тұрғындармен үздіксіз кері байланыс ұйымдастырып, олардың арыз-шағым, өтініштерін жауапсыз қалдырмағанын да айтып өтті. Спикер биылғы жылдың алты айындағы нәтиже көңіл қуантатынын, ал істейтін жұмыс одан да көп екенін тілге тиек етті. 

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы