ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ МҰРЫНҒА ТАМЫЗАТЫН ВАКЦИНАНЫ СЫНАП КӨРІП ЖАТЫР

Уақыты: 11.08.2021
Оқылды: 911
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары мұрын тамшысы түріндегі нановакцина жасап шығарғаны туралы оқтын-оқтын айтылып жүр. Вакцинация мәселесіне арналған брифингтердің бірінде осы вакцинаны Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман тиімді препарат ретінде бағалаған болатын. Аталмыш жобаның жетекшісі, Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар ТАБЫНОВ "Қазақпарат" тілшісіне осы нановакцинаның ерекшеліктері мен артықшылықтары, клиникалық зерттеуге шығару мүмкіндігі туралы айтып берді.

- Коронавирусқа қарсы мұрын тамшысы түрінде жаңа вакцина жасаған екенсіз. Қазір ол қай сатыда тұр? Идея қалай келді?

- Бұл вакцинаны жасаумен біз былтырдан бері айналыса бастағанбыз. Сол кезде ұсынылып жатқан вакциналардың бәрі ағзаға егу арқылы енгізілетін еді. Бір жағынан өз тәжірибемізге сүйендік, екінші жағынан қазіргі зерттеулер де көрсетіп отыр. Коронавирусқа қарсы толық иммундық жауап бере алатын вакцина керек болып тұр. Бұлшық етке вакина енгізгенде өте маңызды бөлік иммундық қорғанысқа қатыспай қалады. Бір сөзбен айтқанда, шырышты қабаттардың иммунитеті вакцианадан тыс қалады. Бұған «а» класты иммуноглобулиндер жауап береді. Оны секреторлық антидене деп те атайды.

Бұл антиденелер несімен тиімді? Коронавирустың қоздырғышы респираторлық органдардың шырышты қабаты арқылы түсті дейік. Сол кезде-ақ аталған антиденелер қоздырғышты бұғаттап тастай алады. Осының арқасында инфекцияның алды алынады. Бірақ бұл антиденелердің өте қысқа өмір сүретінін айту керек. 1-1,5 айдың ішінде шырышты қабаттарда ол жойылып кетуі мүмкін.

Біз соған қарамастан вакцинаның осы түрін дайындауды тоқтатқан жоқпыз. Өйткені, қазір антиваксерлердің қозғалысы белсенді дами бастады. Біздің елде ғана емес, шетелде де вакцина туралы болмаған оқиғаларды ойлап тауып жатыр.

Психологиялық тұрғыдан қарап көрейікші, осының бәрі неге негізделуі мүмкін? Себептердің бірі екпе алдындағы қорқыныш болуы мүмкін. Инеден қорқатын адамдар өте көп. Сол қорқынышытың жетегінде кез келген вакцинадан бас тартуға дайын тұрады. Халықты иммундаудың базасын кеңейту кезінде біз мейлінше қорқыныш туғызбайтын тәсіл ұсынуымыз керек.

Мұрын қуысы арқылы енгізілетін вакцинаны осы тұрғыдан алғанда әлдеқайда қауіпсіз вакцина деп қарастырып отырмыз. Оның үстіне қолдануға да қолайлы. Оны қабылдау үшін вакциналау кабинетіне барып, дәрігердің көмегіне жүгінбесеңіз де болады. Үйіңізде, тұрмыстық жағдайда да қолдана аласыз. Мұрынға бүркетін спрейлер бар ғой. Бұл да сол сияқты.

- Қазір идеяларыңыз қандай сатыда?

- Осындай идея пайда болды да, алғашқы прототипін былтыр алып үлгердік. Ал зертхана жануарларына сынақты қыркүйекте жүргізіп бастаған болатынбыз. Біз бұл вакцинаны Огайо университетімен бірге жасап жатырмыз. Олардың бұл істе жеткілікті тәжірибелері бар. Біз жұмыс істеп жүрген мамандар тобы ауылшаруашылығы жануараларының жұқпалы ауруларына қарсы нанобөлшектер негізінде бірнеше вакцина жасап шығарған. Осы технологияны неге коронавирус вакцинасына пайдаланып көрмеске деп ұсындық.

Осы мақсатта біз бірнеше формула дайындап, сынап көрдік. Вакцина дизайнын зерттеп, шынымен қауіпсіз екеніне, иммундық жауап қалыптастыра алатынына көз жеткіздік. Атжалманға сынақ жүргізгенде коронавирус инфекциясынан қорғай алатынын көрдік. Нақты айтсақ, вирус жұқтырылған атжалмандардың өкпесін қабыну процестерінен қорғап қалды. Мұрын қуысы арқылы вакцина алған атжалмандарда өкпесінің зақымдану деңгейі вакцина алмаған атжалмандардың өкпесіне қарағанда әлдеқайда сау болып шықты.

Адамдарды мысалға алып көрейік. Вакцина алғандардың өкпесінің зақымдануы 10 пайыз ғана болады. Ал вакцина алмаған адамның өкпесі 70-80 пайызға дейін зақымдануы мүмкін. Айырмашылық бар ма? Бар.

- Демек жануарларға жасалған сынақ сәтті өтіп, өзінің тиімділігі алғашқы кезеңде дәлелдеп отыр ғой?

- Біз бұл жетістікпен шектеліп қалған жоқпыз. Вакцинаның тиімділігін әлі көтеру керек деп есептейміз. Осыған байланысты 2-3 ай бұрын вакцинаның жетілдірілген формуласын алдық. Біз оның ақуыздарын алмастырып, иммунитетті ынталандырушылар қостық. Осы формуланың сынақтары аяқталу сатысында тұр қазір. Бір айдан кейін алдын ала қорытындысы дайын болуы керек.

Мұның бәрі клиникаға дейінгі зерттеулер. Клиникаға әлі жеткен жоқпыз. Өйткені, біз айрықша жаңа платформа ұсынып отырмыз. Әзірге біздікі сияқты платформаны басқа ешкім ұсынған жоқ. Қазіргі 300-ге жуық кандидат вакцинаның ішінде біздің платформа субуниттік екпе негізіндегі нанобөлшектер арқылы жасалған жалғыз вакцина.

Зерттеу жүріп жатыр. Енді біз клиникаға дейінгі қауіпсіздік жағын егжей-тегжейлі зерттеп жатырмыз. Жіті уыттылығын, өткір уыттылығын, теріге әсерін, аллергия туғызу мүмкіндігін зерттеу керек. Мұның бәрін реттеуші орган – Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сынақ орталығы базасында жүргіземіз.

Қазір бұл вакцина осындай сатыда тұр. Жыл аяғына дейін жаңағы айтқан зерттеулерді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Соның қорытындысы бойынша «клиникалық зерттеуге шығу керек пе» деген сұраққа жауап аламыз. Яғни, «адамдарға қолданып көреміз бе, жоқ па» деген мәселені қараймыз.

- АҚШ ғалымдарымен бірлесіп вакцина жасау мүмкіндігіне қалай қол жеткіздіңіздер?

- Менің Огайо унивеситетінде ескі танысым бар. Екеуміз бірлесіп басқа мәселелер бойынша 10-ға жуық мақала жариялағанбыз. Сондықтан, АҚШ ғалымдарымен байланыс орнату оңай болды. Ол университетпен әріптестік жөнінде меморандум жасасқанбыз. Ал бұл жоба бойынша нақты келісімшарт бар. Бұл істі бастағанда ешқандай қаржыландыру болған жоқ. Бәрі жобаға қатысушылардың өз қаражаты есебінен істелді.

- Жобаға неше адам атсалысып жатыр?

- Акцинаны дайындауға қатысып жүрген негізгі мамандардың саны 5-6 ғана. Қосымша көмектесіп жүрген адамдарды қоссақ, бәрі бірігіп 17 адам болатын шығар.

- Вакцина қай типтегі вакцина болады?

- Бұл – нановакцина. Ресми атауы – NARUVAX C-19/nano.

- Вакциналау туралы брифингілердің бірінде Алмас Шарман сіздің вакцинаңызды атап өтіп, мұрын мен ауыз қуыстарының шырышты қабатында иммунитет қалыптастыруға өте тиімді деп баға берген болатын. Қысқартып айтсақ, вакцинаның артықшылығы осында болып тұр ғой?

- Иә. Бұл вакцина қалыптастыратын иммунитетті Суптник-V, QazVac, Sinovac, Sinopharm сияқты вакциналардың ешбірі қалыптастыра алмайды.

- Клиникаға дейінгі зерттеулерге қарап вацинаның тиімділігін неше пайызбен бағалар едіңіз? Вирустан неше пайызға қорғай алады?

- Клиникалық зертеулер жасамайынша ондай мәлімет бере алмаймыз. Көп санды адамға жаппай вакцина қолданғаннан кейін ғана соның қорытындысы бойынша тиімділік пайызын атай аламыз.

- Осы вакцинаны өзіңізге сынап көрген екенсіз...

- Иә, бірақ жалғыз адамға қарап статистика жүргізе алмайсың ғой.

- Әрине. Бірақ өз вакцинаңыздан қандай әсер алғаныңызды білгіміз келіп отыр.

- Бұл вакцинаны қабылдау өте оңай. Мен оны бір-ақ рет қабылдап көрдім. Кейін коронавируспен ауырып шықтым. Басында сізге бұл вакцинаны алған адамның өкпесі аз зақымданады деп айттым ғой. Дәл сол тиімділігін басымнан өткердім. Енді біз өкпені, ағзаны толығымен вирустан қорғайтын вакцина құрылымын алмақшымыз. Ол үшін уақыт керек. Бәрін жоспарлап, кезең-кезеңмен іске асыру керек.

- Бұл жұмыстың бәрі аграрлық университет базасында жасалып жатыр ма?

- Бұл жұмыстар Қазақстан бойынша екі ұйымның базасында жүріп жатыр. Біріншісі – біздің Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жанындағы Халықаралық вакцинология орталығы. Екінші базада бүкіл зертхана жануарлары, вирустық зерттеулер сақталған. Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының биологиялық қауіпсіздіктің үшінші класты деңгейіндегі зертханада орналасқан.

- Жаңа Огайо университетінің ғалымдарымен бірге бірнеше ғылыми мақала жарияладық дедіңіз ғой. Қазір біздің QazVac туралы неге халықаралық ғылыми ортада мақала жазылмады деп сұрап жатқандар бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Ғылыми мақаланың жариялануы ең негізгі дүние емес қой. Оның үстіне мамандар қазір вакцина әзірлеуден босай алмай жатыр. Олардың нақты істегі белсенділігі маңызды қазір. Ғылыми мақала жазу да уақыт алады. Жоқ дегенде 3-4 апта отыру керек.

- Бұл вакцина клиникалық сынақтарда өзін дәлелдеп, қолданысқа енсе, антиваксерлердің беті бері қарайды деп ойлайсыз ба?

- Нановакцинаны қолға алған кезде ондай мақсат болған жоқ. Басты мақсат мейлінші жанама әсері аз, иммундық тиімділігі жоғары вакциналардың қатарын көбейту. Тұрғындарға сапалы таңдау ұсыну. Қазір вакцина ісімен бас қатырып жүрген мамандардың басты мақсаты осы деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"