ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ ЕКПЕ АЛМАЙ, ІНДЕТКЕ ТӨТЕП БЕРУ МҮМКІН ЕМЕС

Уақыты: 12.08.2021
Оқылды: 1198
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алакөл ауданында індетпен күрес жұмыстары күшейтілген. Қоғамдық шараларға тыйым салынған, адам көп шоғырланатын орындарда қатаң ережелер бекітілген. Сенбі-жексенбі күндері базарлар мен үлкен сауда орталықтары өз жұмысын тоқтатуда. Бұл, ең алдымен, дерттің таралуын тежеу мақсатында қолға алынған шаралар.

Соған қарамастан пандемия басталғалы бері Алакөлде 812 жағдай белгілі болған. Қазіргі таңда күніне орташа есеппен 15-20 адам коронавирус симптомдарымен тіркелуде.

Әкімдік тарапынан вакциналау бойынша түсіндіру-насихат жұмыстары тоқтаған емес. «Аудан тұрғындарының кем дегенде 60 проценті екпе алмайынша коронавирусқа төтеп беру мүмкін емес», – дейді мамандар.

Өңір туризмнің қазаны қайнаған қуатты орталық болғандықтан келіп-кетуші меймандардың көптігіне байланысты қауіпсіздік жұмыстарын күшейте түсуде. Ақши, Көктұма ауылдарына қосымша дәрігерлер жіберіліп, халықтың денсаулығы қадағалануда. Дүкендер мен өзге де қоғамдық орындарда бетперде тағу, арақашықтықты сақтау ережелері бақылауда.

Бір қынжылатынымыз, халықтың дертке немқұрайды қарап, енжарлық танытуынан эпидахуалды оңалту қиынға соғуда. Тығылып тойын жасап, жасырын қонақ күтетін жағдайлар да баршылық. Аудандық мониторинг топтары мейрамханалар мен кафелерді аралап, бақылау жүргізуде.

Екпе алу жұмыстарына келер болсақ, ауданға барлығы 40 мыңға жуық бірінші және екінші компонентті вакциналар жеткізілген болатын. Олардың ішінде «QazVac», «Hayat-Vax», «CoronaVac», «Спутник V» сынды түрлері бар. Бүгінгі күнге дейін 18 пункт пен 7 жылжымалы екпе салу топтары 20 347 тұрғынға бірінші  компонентін, 14 890 тұрғынға екінші компонентін салған. Орталық базар маңында да аурухана қызметкерлері «Жедел жәрдем» көлігін қойып, ниет біл-дірушілерге екпе салуда.

Ауданда ең бірінші болып әскери қызметкерлер, ақ желеңді абзал жандар, тыныштық сақшылары мен мемлекеттік сала өкілдері вакцина қабылдады. Тұрғындардың жалған ақпарат пен негізсіз өсек-аяңдарға сенбей, өзінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін екпе алуға шақырып жүрген ел танитын азаматтар да жетерлік.

– Дерт ешкімді де аяп жатқан жоқ. Талай жерлестеріміз төсекке танылып, тынысы тарылып жатқанын естіп-біліп жатырмыз. Бұл қолды бір сілтеп, «сен тимесең, мен тимеймін» деп жүретін дүние емес. Әлем жұртшылығы қазір өте ауыр жағдайда. Дағдарыс, өлім-жітім, экономикалық құлдырау, жалақының қысқаруы, жұмыссыздықтың көбеюі коронавируспен тікелей байланысып жатыр. Бұл ретте вакцина алудың өзектілігін ескерте кеткім келеді. Әсіресе, халықпен тікелей жұмыс жасайтын мамандық иелері бірінші кезекте екпе алу қажет. Өйтпеген жағдайда көсегеміз көгереді деп  айту қиын. Балаларымыздың саулығын сақтау мақсатында білім саласында жүрген ұстаздардың бұл бастаманы қолдаулары міндетті. Ағзалары енді жетіліп келе жатқан жеткіншектерге қауіп төндірмей, қызметтерін де ретімен жалғастыру үшін екпе алу өте маңызды деп есептеймін. Бүгінде аудан бойынша мұғалімдердің 80 проценті вакцина қабылдаған. Ол – қуанарлық жағдай. Кейбірі денсаулығына байланысты, кейбірі өзге де жағдаймен кешігіңкіреп жатқандығы рас. Алайда нақты білім беру мекемелерінің қызметкерлері 100 процент екпе алуы керек, – дейді талай жылдан бері ауданның білім беру саласын басқарған ардагер ұстаз Қоңыржай Қысталасова.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы