Кардиохирургтар Астанада бас қосады

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1259
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ағымдағы жылдың 1-3 қыркүйек күндері аралығында Астана қаласында 27-ші Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакальді хирургтар қауымдастығының конгресі өтеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат АҚТАЕВА орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. 

Ғылыми тілде World Society of Cardio-Thoracic Surgeons, қысқартып WSCTS деп аталатын қауымдастық – географиялық шектеуліксіз ғылыми зерттеулер мен клиникалық бағытты дамыту мақсатында, білім және тәжірибе бөлісуге әлем кардиохирургтарын біріктіретін халықаралық ұйым. Оған ғылыми және практикалық қызметке үлес қосқан әлемнің жетекші хирургтары мүше бола отырып, адамзатты алаңдататын аурулардың себебін анықтаумен айналысады.
Кейінгі жылдары елімізде кардиохирургия мықты дамып келеді. Сондықтан қазақстандық кардиохирургияның екпінді дамуын ескере отырып, Астанада Дүниежүзілік кардиоторакальді хирургтар конгресі өтетін болып бекітілді. Айта кетерлігі, аталған конгресс үміткерлері мемлекеттер арасындағы конкурстық іріктеу арқылы анықталады. Әсіресе, тұрақты экономикалық және саяси  жағдайы, сонымен қатар, медицина дамуына қолайлы алғышарттары бар елге ерекше ықылас бөлінеді. Жоғарыда айтылған бәсеке шартына сәйкес еліміз биылғы конгресті өткізу мәртебесін алып, кардиохирургия әлемінде халықаралық құрметке ие болды.
Қуанарлығы, мұндай құрметке Еуразия өңіріндегі денсаулық сақтау саласында алғаш рет еліміз қол жеткізді. Бұл – қазақстандықтар үшін үлкен жетістік. Конгресс жыл сайын әртүрлі елде өткізіледі. Қоғамдастықтың негізгі қағидасы – жаңа идеяларды талқылау мен кардиоторакальді хирургияны дамытуға арналған бірыңғай халықаралық алаң құру. 
Өткенге үңілсек, WSCTS Дүниежүзілік қоғамдастығы 1990 жылы құрылып, бірінші мәжілісі сол жылы Тайландтың Чиангамай қаласында өтті. Бүгінге дейін әлемнің әр елінде қауымдастықтың 26 кездесуі өтті. Қазақстан Республикасы бұл қатарда 27-ші болып тіркелді. Әлемде 200-ден астам мемлекет бар делінсе, бұл жетістік еліміздің емдеу саласында қандай деңгейде тұрғанын да байқатады.
Сонымен қыркүйектің басында Тәуелсіздік сарайына әлемнің 30 елінен мыңнан астам кәсіби маман жиналады. Қатысушыларды әлемнің 50-ден астам жетекші кардиоторакальді хирургтарының қатысуымен өтетін қызу пікірталас, шеберлік пен оқыту сағаты күтіп тұр. Сол қатарда 2011 жылы құрылған «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ жоғары сападағы медициналық қызмет көрсетуді ұсына отырып, Орталық Азиядағы жетекші кардиохирургиялық клиника екендігін де дәлелдемек.

Қажет Андас.