АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 301 ОҚУШЫ ІНДЕТ ЖҰҚТЫРЫП, 122 СЫНЫП ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 12.09.2021
Оқылды: 1143
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында дәстүрлі сабақ басталғалы бері 301 оқушы коронавирус жұқтырып, ем қабылдауда. Салдарынан 122 сынып карантинге жабылды.

Індетті жұқтырған 301 оқушының барлық сыныптастары қашықтан оқытуға жіберілді. Оқушылар арасында індетті ең көп жұқтырғандардың ішінде Талдықорған қаласы бірінші орында тұр.

Облыс орталығында 80 оқушыдан COVID-19 анықталған. Мәселен, қаладағы М.Ломоносов атындағы №5 мектептің 35 оқушысы коронавирус жұқтырса, №25 мектептен 11 оқушы, ал №28 IT лицей-мектебінен 7 оқушыдан коронавирус анықталған.

- 50 ұстаздан коронавирус анықталды. Ол кісілер ем қабылдауда және де мектепке дейінгі білім мекемелерінде 12 жағдай тіркелген, - дейді Алматы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әлішер Сырым.

Ал аудандардың ішінде коронавирус жұқтырған оқушылардың көбісі Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Талғар ауданында тіркелген. Мәселен Еңбекшіқазақ ауданында 32, Ұйғыр ауданында 26, Талғар ауданында 22 оқушы індетті жұқтырып, қазір үйлерінде емделіп жатыр. Жалпы, Алматы облысында қазір коронавирус жағдайына байланысты 1790 бала үйінде білім алады. Оның ішінде індет жұқтырғандармен байланыста болғандар да бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"