АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 665 ЖҮКТІ ӘЙЕЛ КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚҚАН

Уақыты: 14.09.2021
Оқылды: 977
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында пандемия басталғаннан бері 665 жүкті әйел вирус жұқтырған. Алматы облыстық денсалық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай ақпарат берді.

«Бүгінгі дерек бойынша, коронавируспен аурудың жалпы 47 082 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, 665 жүкті әйел бар. 143 жүкті әйел стационарлық ем алып жатыр. Үй карантинінде 49 болашақ ана бар», - деді басқарма өкілі. Сондай-ақ, брифингте Алматы облысының бас санитары Ерғали Сыдыманов вакцина алған тұрғындардың вирус жұқтыру көрсеткішін атады.

«Алматы облысында бірінші компонентті вакцинаның 773 155 дозасы, екінші компоненттің 716 150 дозасы жеткізілген. Қазір Алматы облысында вакцина алғаннан кейін COVID-19 індетімен ауырған 803 адам тіркелген. Бұл жалпы науқастанғандардың 0,1 пайызы деген сөз. Ауырғандардың негізгі бөлігі вакцина алмағандар екенін өздеріңіз де білесіздер», - деді Ерғали Сыдыманов.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәжілісіне Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов та қатысып, аймақтағы эпидахуал жайында баяндады. Сондай-ақ, әкім орынбасары журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Оның ішінде, балаларды вакциналау, "Алтын Орда" базары, "Ашық" жүйесі сияқты маңызды сұрақтар да жауапсыз қалмады.

- Балаларды вакцинация мәселесі әлі шешілген жоқ. Біз ата-аналардан баласы туралы ешқандай дерек жинап жатқан жоқпыз. Қызылорда облысында балалардың деректерін жинап жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл фейк деп ойлаймын. Қалай болғанда да, бұл мәлімет расталған жоқ. Егер ондай жұмыс жүргізілген болса, бүкіл елді қамтуы керек. Дәл бүгін балаларды вакциналау мәселесі туындап тұрған жоқ, - деді Батыржан Байжұманов.

Брифингте Алматы облысында күн сайын 200-ге жуық науқастың коронавируспен ауруханаға түсіп жатқаны айтылды. «Соңғы екі аптада облыста коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны 0,9 пайыздан 0,6 пайызға төмендеді. Бірақ өңір "қызыл аймақта". Соңғы тәулікте індет жұқтырудың 218 жағдайы анықталды. Оның ішінде 35 бала бар. Ауруханаларға коронавирус инфекциясымен күнделікті 200-ге жуық адам түсуде», - деді Батыржан Құлаймергенұлы.

- «Алтын орда» базары бойынша мынаны айтайын: бұл базар елдегі азық-түлік бағасын қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды. Өйткені, толайым сауда жасаушылардың көбі өнімді осы жерден сатып алады. Егер біз оның жұмысын шектесек немесе бірнеше күнге жауып тастасақ, Алматы облысы мен қаласынан басқа өңірлерде де азық-түлік бағасы өсіп, дүрбелең туғызады. Бұл жерде мәселеге жан-жақты қарау керек, - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, базар республикалық маңызға ие нысан болғандықтан, ондағы санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шаралары жан-жақты қадағалауға алынған. «Базардағы нүктелердің бәрі санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау бойынша реттеуге жатады. «Алтын орда» базарында вакцинациялау бекеттері мен мониторинг топтары жұмыс істеп тұр. Базар басшылығына да жұмысты осы тұрғыда реттеу туралы түсіндіру жүргізілген. Бетперде режимін ешкім жойған жоқ. Бұл талап аталмыш базарға да қосылып отыр», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Брифингте облыстың бас санитары "Ашық" жобасы туралы түсіндірді. «Бүгінде Алматы облысы бойынша Ashyq жобасының 102 белсенді қатысушысы бар. Бұл мәртебені алған жоба қатысушыларына мынадай жеңілдіктер беріледі: «қызыл» аймақтағы қатысушылар «сары» аймақ ережесі бойынша, «сары» аймақтағы қатысушылар «жасыл» аймақ ережесі бойынша жұмыс істейді. Ал «жасыл» және «қою қызыл» аймақ қатысушыларының жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылады. Сондай-ақ, нысанның жүктелім шегі 10 пайызға ұлғаяды», - деген бас санитар қызметкерлерін белсенді вакциналаған кәсіпорындарға да жеңілдік берілетінін еске салды. «Қызметкерлерінің кемінде 90 пайызы вакцинаның бірінші компонентін алса, кәсіпорындардың жүктелім шегін 20 пайызға ұлғайтуға болады», - деді Ерғали Сыдыманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды