ЖАРКЕНТ-АРАСАН ШИПАЖАЙЫНДА УРОЛОГТАР ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 22.10.2021
Оқылды: 996
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Табиғаты тамаша «Жаркент-Арасан» шипажайында еліміздің белгілі уролог ғалым дәрігерлерінің қатысуымен «Урологияның маңызды мәселелері» деген тақырыпта ғылыми тәжірибелік конференция өткізілді. Бұл шараны С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті урология кафедрасының доценті, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты тәжірибелі уролог-дәрігер, андролог Аманжол Сұраншиев ұйымдастырды.

Ғылыми танымдық конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан қатысқан ғалымдармен бірге аймақтың үш ауданынан 30-дан астам дәрігер келді. Шипажайдың жиынжайында өткен конференцияны уролог ғалым Аманжол Сұраншиев кіріспе сөз сөйлеп ашып, маман дәрігерлердің «Жаркент-Арасан» шипажайында басқосуының себебін, арасанның радон суының қуық сырқаттарын емдеуге әсері мол екендігін тәптіштеп айтып, шараның күн тәртібін таныстырып өтті.

Танымдық конференцияның ашылу сәтінде Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев сөз сөйлеп, өңірге келіп, ғылыми тәжірибелік шара өткізуге ұйытқы болған ғалымдарға алғыс сезімін білдіріп, қатысушыларды құттықтады. Конференцияда алғашқы баяндаманы «Жаркент-Арасан» шипажайының директор-құрылтайшысы Гүлнар Ақсубаева жасады. Қонақтарға шипажай тарихы мен емдік қасиеттерін кеңінен таныстырып өткен баяндамашы шипажайдың радонды суы, келушілерге ұсынылатын сылап булау, балшықпен емдеу сияқты қызмет түрлерінің урологиялық ауруларға пайдасы мол екендігін жеткізді.

Осы мекеменің бас дәрігері Хафиза Мыңбаева шипажайда демалушылар мен емделушілерге қолданылатын қызмет түрлерін таныстырды. Конференцияда, сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Дәуренбек Сеңгірбаев, доцент Абдолла Несіпбаев, тағы басқа да ғалымдар баяндама жасап, «Grand Medical Group» компаниясының менеджері Диана Пан урологиялық сырқатты емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің түрлері мен қасиеттерін баяндады. Конференция барысында доцент Аманжол Жалауұлының «Қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы немесе простатаның аденомасы» атты кітабының тусаукесері жасалды.

Аудандардан келген дәрігерлер танымдық конференция барысында ғалымдарға түрлі сұрақтар қойып, қуық асты безі кеселі, урологиялық сырқаттарды емдеу жайлы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды. Жалпы бұл шараның жазиралы Жаркентте өткізілуіне өңірдегі белгілі кәсіпкер, Алматы облыстық мәслихаттың депутаты Серік Ақсубаев демеушілік жасады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы