ОБЛЫСТА БЕС "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" КӨЛІГІ БҮЛІНГЕН, БІРЕУІНЕ ОҚ АТЫЛҒАН

Уақыты: 14.01.2022
Оқылды: 1325
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында жаппай тәртіпсіздік кезінде 337 адам медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ, 5 "Жедел жәрдем" көлігі бүлініп, бір қызметкер жарақат алған. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Медициналық көмек алғандардың ішінде 13 адам әскери қызметкер бар. Қазіргі таңда түрлі дене жарақатын алған 109 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков дәрігерлерге митингке қатысқандар тарапынан шабуыл жасалмағанын айтты.

- Көшеде орын алған тәртіпсіздікке қарамастан дәрігерлер мен "Жедел жәрдем" қызметкерлері штатты режимде жұмыс істеді. Дәрігерлерге митингке шыққандар тарапынан шабуыл жасалған жоқ. Жаппай тәртіпсіздік кезінде облыстық "Жедел жәрдем" станциясының бір қызметкері зардап шекті. "Жедел жәрдем" көлігіне атқан оқтың салдарынан сынған әйнек жүргізушіні жарақаттаған. Қазіргі таңда көлік жүргізушісінің жағдайы тұрақты. Амбулаториялық ем қабылдап жатыр, - деді басқарма басшысы.

Митингке қатысқандар 5 "Жедел жәрдем" көлігіне зақым келтірген. Облыста тәртіпсіздік орын алған кезде жалпы саны 206 "Жедел жәрдем" көлігі медициналық қызмет көрсетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"