Демографияны жақсартудың бір жолы - денеден тыс ұрықтандыру

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1740
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде денеден тыс ұрықтандырумен шұғылданатын орталықтар саны көбейіп келеді.  Аталмыш сала жұмысы жыл санап жанданып, емделушілердің арман-тілегіне жету мүмкіндігі артуда. Көпшілік үшін  экстракорпоральді ұрпақ өрбіту саласының  әлемі жұмбақ. Редакциямызға «Денеден тыс ұрықтандыру дегенді қалай түсінуге болады? Онда ем-шара қалай жүргізіледі?   Бедеулік, белсіздік дерті емделе ме?  Сәбиді «түтікте»  қалай өсіреді?»  – деген сұрақтар көптеп келіп жатады. Осы орайда қыз-келіншектердің сауалына  кәсіби тұрғыдан сауатты, толыққанды  жауап беретін дәрігер іздедік. Таптық. Нұржан Айсабаева  денеден тыс ұрықтандыруды 15 жылдан бері тәжірибе арқылы зерттеп келе жатқан дәрігер. Медицина ғылымдарының  кандидаты. Ол репродуктологияның қыр-сырын меңгеру мақсатында шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста  жұмыс істейді. Ендеше, алдына барушылар «қолы жеңіл дәрігер» атап кеткен маманмен жүргізген сұхбатымызда сіздерге қажетті мағлұматтар беруге тырыстық, құрметті оқырман.

– Нұржан Қырғызбайқызы, алдымен қызметтік жолыңыз, репродуктологиядағы  тәжірибеңізбен бөліссеңіз. 
– Еңбек жолымды дәрігер акушер-гинеколог болып бастап, саланың барлық бөлімінде  жұмыс жасадым.  Перзентханада, консервативті және шұғыл гинекологияда.  Жоғары медициналық оқу орнында 10 жылдан аса уақыт  сабақ бердім.  Бедеулік мәселелері бойынша диссертация қорғадым. Осы кезде  денеден тыс ұрықтандырудың барлық түрін,  тәсілін меңгердім. Соңғы 15 жыл бойы денеден тыс ұрықтандыру мәселесімен шұғылданып келемін.  Бүгінгі күні  Алматы акушерлік-гинекологиялық және перинатологиялық ғылыми орталығында  экстракорпоральді  ұрықтандыру бөлімінің меңгерушісімін. Жақында бөлімге жаңа инкубатор, қосымша зертханалық құрал-жабдықтар сатып алдық. Ауа тазалайтын қондырғы жаңаланды. Аппараттар Дания, неміс, жапон елдерінен әкелінді. Бұлар соңғы үлгідегі, қымбат, жүктілікті болдыруға септігі мол  жабдықтар. Еліміздің түкпір-түкпірінен квотамен  емделушілерді қабылдап, көмек көрсетудеміз.  Өз бетімен, ақылы емделем деушілердің де саны күн санап артып келеді.  
– Сіз дүниеге әкелген алғашқы сәби  неше жаста?
– Денеден тыс ұрықтандыру бойынша  ең бірінші дүниеге әкелген балам – ұл. Алматы қаласында тұрады.  7 сыныпта оқиды. Ақылды, сымбатты. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Болашағынан зор үміт күттіріп отыр. Біз арқылы сәбилі болған аналармен қарым-қатынасымыз үзілмейді.  Олар  балаларының  суретін салып, жетістіктерін айтып, қуаныштарымен ортақтасып жатады. 
– Нұржан Қырғызбайқызы,  сіздерден көмек алғысы келетін қыз-келіншектер  өздеріңізбен қалай байланыса алады?
– Біздің мекенжайымыз Алматы қаласы, Достық даңғылы,  125-үй.  Шекара училищесінің жанында.  Бұрынғы Ана және бала институты.  Сол жерде ЭКО-зертхана деген көрсеткіш тұр. Бірінші қабат. Тел: 8 (727) 300- 46-33.  87017323962,  87073861000.
– Жүктілікке дайындау қалай жүргізіледі?
– Жүктілікке дайындау әр әйел үшін әртүрлі. Оның жасына, денсаулығына байланысты зерттеу жүргізіледі. Атап айтар болсақ, гормональді, жыныстық қатынаспен таралатын індеттің бар-жоғы, жатыр түтікшелерінің өткізгіштігі,  гистеросальпингография, гистероскопия,  лароскопиялық зерттеулер  іске асырылады. Жаңа айтқанымыздай, тексеру әр әйелдің  денсаулығына орай әр қилы болып келеді. 
– Ерлерді де тексересіздер ме? Бүгінде денсаулық сақтаушылар ерлер бедеулігі белең  алып  барады деп дабыл қағуда. Оның себебі не? Ерлер өздерін қалай күту керек?
– Еркектердің бала тудыру қабілетін,  сперматозоидтардың жалпы санын,  оның белсенділерін, құрылысын,  пайыздық көрсеткішін, қан түйіршіктерінің көлемін анықтап, ем тағайындаймыз.  Әркім өзінің  өмір сүру салтын дұрыс қалыптастыру керек.  Адамның денсаулығы алдымен өзіне байланысты. Ішімдік ішу, темекі шегу, зиянды  ортада жұмыс істеу, шамадан тыс шаршау,  көп қозғалмау  еркектік қуатты  төмендетеді.  Ал дұрыс тамақтану, құнарлы ас ішу, спортпен шұғылдану  ағзаға күш-қуат беретінін ұмытпаған жөн. Кейбір азаматтарымыздың аталық безі дамымай қалады, кейде тіпті, аталық ұрықтың болмауы да мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, бедеулікке көбінесе ерлердің қуықасты безінің қабынуы себеп болады. Мұны дер кезінде емдемесе, ол созылмалы простатитке айналуы мүмкін. Сонымен қатар, ерлер кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсіп, түрлі жұқпалы ауруларды жұқтыруының салдарынан да бедеулікке тап болады. Үш ай уақыт ем жүргізсе  сперматозоидтардың құрамы толығымен өзгереді.  Осыдан бірнеше жыл бұрын ер адамның ұрығының белсенділігі 60 пайыз болу керек десе, уақыт өте келе оны 50 пайызға, одан 40 пайызға түсірді. Ал қазір тіптен 25 пайыз. Ал одан төмен болған жағдайда денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасының ішінде  ИКСИ  тәсілімен ұрықты керекке жарата аламыз. 
– Оқырмандарымызға  денеден тыс ұрықтандыру  жайлы  толыққанды  түсінік бере кетсеңіз. Ұрықтандыру қандай кезеңдерден тұрады?  Жалпы емделуге қанша уақыт кетеді? 
– ДТҰ  – жатыр түтікшелері дұрыс жұмыс істемеген кезде пайдаланылатын әдіс.  Кейбір әйелде жатыр түтікшелері  мүлде  болмайды. Ота кезінде алынып тасталады.  Ал кейбіреулердің түтікшелерінің өткізу қабілеті өте төмен. Кейбір әйелдердің денсаулығында  басқа да  ақаулар болуы мүмкін.  ДТҰ бағдарламасы кезінде әйелге әртүрлі дәрілер  тағайындалып, соңында  белсендірілген бездерден ұрық  инемен алынады. Мұны біздің тілімізде  қынап арқылы жасайтын  пункция деп атайды.  Одан әрі қарай  әйел мен еркектің  ұрығын қосады.  Ұрық түтік (пробирка, инкубатор)  ішінде 3-5 тәулік өседі.  Содан кейін  эмбрион құрсаққа салынады.  Осы шараға барлығы  екі-екі жарым апта немесе 20 күндей уақыт керек.  Ағзада сырқат болған жағдайда емдеу уақыты  созылады.  
– ДТҰ әдісі арқылы дүниеге келген сәбилердің  табиғи жолмен  туған балаларға қарағанда өзгешелігі бола ма?
– Мұндай жолмен дүниеге келген балалар өте қабілетті болып келеді. Былай қарағанда  кәдуілгі балалардан еш айырмашылығы жоқ. Ата-аналары зарығып көргендіктен біздің балаларға ерекше көңіл бөлінеді ғой.  Біз арқылы дүниеге келген балалардың бәрі пысық, алғыр. Бірі – білімге құштар болып дүниеге келсе, бірі – өнерге бейім.  Көбінің қалай өсіп келе жатқанын көріп-біліп отырамыз.   Денсаулықтары да жақсы. Біз балаларымызбен мақтана аламыз. 
– Бүгінгі таңда бедеулік  өзекті мәселеге айналды. Себебі не? 
– Иә, бедеуліктің көбейіп бара жатқаны ащы да болса шындық. Оның негізгі себептері жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар. Ерте жыныстық қатынасқа түсу де басты себептердің біріне жатады.  Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қыз балалардың салмағы өсіп кетеді. Бала көтермеу үшін ішетін гормональді дәрілер де ағзаның жұмысын бұзады. Сондай-ақ, әлеуметтік   күйзелістер де балалы болу мүмкіндігін төмендетеді.  Ұл балалардың ұрпақты болу мүмкіндігі де төмендеп барады. Денсаулық сақтаушылардың зерттеуінше  ұрықтың белсенділігінің төмендеуі 70 пайызды құрайды. Бұл өте қауіпті жағдай. 
– сіздер жүргізетін ем-шараның, яғни, денеден тыс ұрықтандырудың құны қанша?
– Денеден тыс ұрықтандырудың құны 600-800 мың теңгені құрайды. Бірақ, әр адамның денсаулығы әрқилы. Әркімде әртүрлі кемшілік, кесел болуы мүмкін.  Тексеру, емдеу кезінде дәрі-дәрмек алуға тура келеді.  Дәріге жұмсалатын қаржы әйелдің  денсаулығы мен жасына байланысты болады.  Сондықтан,  дәл мынандай қаржы керек  деп кесіп-пішіп айта алмаймыз. 
– Денеден тыс ұрықтандырудың бүгінгі таңдағы көрсеткіші қандай?  Соңғы кезде тиімді бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Жаңалықтармен бөліссеңіз. 
– Әйел-аналардың балалы болу мүмкіндігін арттыру үшін сан түрлі  бағдарламалар іске асырылуда.  Бұл орайда, ДТҰ, ИКСИ, ПГД, сурогатты ана, МЕЗА және ТЕЗА әдістері қолданыста. Ер адам мен әйелдің  ұрығының  доноры  пайдаланып та ұрпақ өргізіледі. Біздің бағдарламаның тағы бір артықшылығы – тұқым қуалайтын ауруларды анықтауға септігін тигізеді.  Мысалы, ем жүргізу кезінде муковисцидоз, гемофилия, талассемия, даун синдромы кеселін анықтауға болады.  Жаңа әдістер, жасалып жатқан жағдайлар, заманауи қондырғылар  бала көтерудің мүмкіндіктерін арттыруда.  Бүгінгі таңдағы көрсеткішіміз 38-42 пайызды құрайды. 
– Нұржан Қырғызбайқызы,  ел демографиясының жақсаруына қосып жатқан үлесіңіз үшін айтар алғысымыз шексіз. Сәби күлкісінен қуат ала беріңіз!

Гүлжан ТҰРСЫН.