ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БЮРО БАСШЫСЫ ЕСІК ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 30.03.2022
Оқылды: 1445
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстанға келді. Үш күнге созылған ресми сапардың алғашқы жиыны Алматы қаласында өтті. Онда ДДҰ Еуропалық бюросы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық негізде атқарылған жұмыстар сарапқа салынды. Шетелдік әріптестер еліміздегі медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсету қызметінің сапасына ерекше тоқталып, осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсететінін жеткізді. Есік қаласындағы медициналық мекемеде МСАК жөніндегі демонстрациялық платформаның ашылуы соның бір дәлелі.

Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханаға қарасты емханада өткен шарада Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасынан келген мамандар қатысты.

Облыс басшысы Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемия кезіндегі қалтқысыз қызметіне тоқталып, аталған ұйым аясында жұмыла жұмыс істеген әлем дәрігерлері індетке тосқауыл болғанын атап көрсетті. Бүгінгі шара сол ынтымақтастықтың жалғасы екенін тілге тиек етті.

– Құрметті қонақтар! Жер жаннаты Жетісуға келген қадамдарыңыз құтты болсын! Наурыз айындағы сапарларыңызды біз жақсы ырымға балап отырмыз. Өйткені, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың басы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара байланыс орнатып, отандық медицинаның алға қадам басып жатқанына қуаныштымыз. Осындай игі шаралар қанатын кеңге жая берсін, – деді Қанат Алдабергенұлы.

Бұдан кейін сөз алған ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге медициналық-санитарлық алғашқы көмектің індетпен күресте тиімділігіне тоқталды.

– Қазақстан – медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі екі маңызды декларацияның отаны. Сондықтан бұл елде демонстрациялық алаңның ашылуы заңдылық деп ойлаймын. Және осы алаңның ел астанасында емес, ауданда ашылып жатқаны қуантады. Әлі-ақ осы алаңнан әлем дәрігерлері МСАК жөнінде көп нәрсені көңілдеріне түйіп, өзара тәжірибе алмасатын болады, – дей келіп Ханс Клюге аудандық аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуоваға ДДҰ осы емхананы демонстрациялық алаң ретінде таныды деген арнайы сертификатты табыс етті.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда МСАК қызметі баршаға үлгі боларлық деңгейге жеткенін жиналғандарға паш етті. Еліміздегі бас дәрігердің айтуынша МСАК – әмбебап қызмет. Оған тек медициналық емес, сонымен қатар, әлеуметтік және психологиялық көмек түрлері де кіреді. Осындай кешенді жұмыстар науқастардың аяқтан тік тұрып кетуіне септігін тигізіп жатыр.

Біз медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудегі жаңалықтарымызды дүниежүзіне паш етіп отырмыз. Елімізде 200-ден астам аудандық аурухана жұмыс істейді. Сол медициналық мекемелерде МСАК халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Өздеріңіз көріп отырғандай, Есіктегі емхана демонстрациялық платформаға айналып отыр. Бұл жерде ДДҰ Еуропалық бюросының Алматыдағы мамандары осында оқыту шараларын өткізіп, өздерінің тәжірибесімен бөліседі. Білікті кадрлар дайындауға атсалысады. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады, – дейді Ажар Ғиният.

Аталған шараға арнайы келген өзбек ағайындар қазақстандық тәжірибеге қызығушылық танытты. Алдағы уақытта оған өзге елдердің де қосылатыны кәміл.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы