ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА АДАМ ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАР ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 12.04.2022
Оқылды: 1321
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ескелді ауданынында күресінге қауіпті медициналық қалдықтар төгу фактісі бойынша жедел-іздестіру шаралары басталды.

Әлеуметтік желіде тараған видеода қоғам белсендісі: «Медициналық қалдықтарды күресінге тастауға неге рұқсат берген?» - деген сұрақ қояды. Видео авторы ішінде сынап бар қызу өлшегіш құралдың күресінде сынып жатқанын, қолданылған шприцтер мен өзге де қалдықтарды көрсетеді.

Аталған жерге Алматы облысының экология департаменті мен Ескелді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, тұрғын үй шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары барып, видеодағы деректердің растығын тексерді.

- Көзбен шолу кезінде видеода көрсетілген қалдықтар (Б, В, Г санатындағы медициналық қалдықтар, құрамында сынап бар бұйымдар мен жеке қорғаныс заттары) Абай ауылындағы «Ескелді ауданының қатты тұрмыстық заттары» полигонының аумағынан тыс жерге төгілгені анықталды. Осы факті бойынша талапты бұзған адамды анықтау үшін 102 нөміріне қоңырау шалынып, полиция қызметкерлері фактіні тіркеуге алды, - деді экология департаменті өкілдері. Сонымен бірге, рұқсат етілмеген жерге төгілген медициналық қалдықтардың басына медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға жауапты мердігер ұйым мен Ескелді аудандық орталық ауруханасының өкілдері шақыртылған.

- Қазіргі таңда Ескелді ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізуде. Соның қорытындысы бойынша ҚР заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қабылданады, - дейді экологтар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"