ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨРСЕТКІШІ 15 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН. МЕДИЦИНАДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕР

Уақыты: 23.04.2022
Оқылды: 1565
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге байланысты отырыс өткізді. Онда орын алған кемшіліктер, оның себеп-салдары, қайталануына жол бермеу жайы қарастырылды.

Өкінішке қарай, былтыр облыс бойынша 24 ана өлімі орын алған. Осыған байланысты 10 медицина мекемесінің басшысы мен 57 маманына қатаң сөгіс берілген. Жұмыстан босатылғандары да бар.

Өткен жылы облыс мекемелері республикалық ауыр акушерия орталығы мен Ковид-орталығынан 116 рет консультация алған. Ол ауыр жағдайда босанатын әйелдердің денсаулығына байланысты ұйымдастырылған. Бірақ осындай жағдай жасалып отырса да, Талғар, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласында ана мен бала өлімі орын алған.

Жиналыста сынға алынған аудандардың бас дәрігерлері орнынан тұрғызылып, өлім-жітімнің себебі, алдағы уақытта ондай жағдайдың алдын алу барысында қолға алынған шаралар жайы сұралды.

Жиында 2021–2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы өлім-жітім 15,2 пайыз, нәресте өлімі – 27,6 пайыз, туберкулезден өлім-жітім – 7,1 пайыз, қатерлі ісіктен өлім-жітім – 17,1 пайызға ұлғайған. Бұл жағдайлар Қарасай, Райымбек, Ескелді, Панфилов, Іле, Кеген, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Талғар, Алакөл, Жамбыл аудандары мен Текелі қаласында өскен.

Жиын төрағасы Қанат Бозымбаев кемшілік орын алған аудандардың бас дәрігерлерін орнынан тұрғызып, мәселенің мәнісін түсіндіруді талап етті. Талғар ауданында жүрек-қан тамыр, онкология аурулар мен туберкулез кеселі дендеген. Мұнда екі ана өлімі орын алған.

Жағдайды түсіндірген аудандық аурухананың бас дәрігері Хасен Досымбеков екі ана өлімінің себебін айтып өтті. Бірінші ана бұрыннан қан қысымы кеселімен сырқаттанады екен. Босанған кезде оның қан қысымы 220-ға көтеріліп кеткен. Дәрігердің айтуынша, оған бала көтеру қауіпті екені ескертілген. Бірақ ол жүктілік кезінде жекеменшік емханада қаралған. Айы-күні жақындағанда миына қан құйылып, жағдайы ауырлаған. Екінші ана коронавирус індетін жұқтырған. Дәрігерге уақытында бармай, кеселді асқындырып алған.

Мұндай жауаптарды тыңдаған облыс басшысы: «Әйел-аналардың денсаулығына жауап беру - сіздердің міндеттеріңіз. Олар басқа балаларым аш қала ма, жолдасым қиналып қала ма деп дәрігерге бармай жүріп алуы мүмкін. Бірақ сіздер оның жүктілік жағдайын ескеріп, емдеу мекемесіне жатқызып, қадағалауларыңыз керек», – деген сын-ескертпесін айтты.

Облыс басшысы тарапынан кемшілікке жол берген ауданның бас дәрігеріне жағдайдың қайталап орын алмауы үшін қандай шаралардың жасалып жатқандығы жайлы сауал қойылды. Аудандық аурухананың директоры Хасен Әжібекұлы өңірде «Отбасылық дәрігер» принципі қолға алынып жатқандығын жеткізді. Яғни, 1700 адамы бар пунктте дәрігерден басқа үш медбике болады. Олар әр отбасы мүшесін үнемі қадағалап отырады. Жаңадан туған баланың өсу процесін, жасөспірім шағын, балалы болу мүмкіндігін, тіпті, жасы ұлғайғанға дейін назарда ұстайды. Керек болса арнайы жазба жүргізіп, әр отбасы мүшесін қарттыққа дейін қадағалайды. Отбасы дәрігерлері әртүрлі жағдайға тап болған кезде отбасыға немесе жеке адамға психолог маманды да шақыртып беруге міндетті.

Бұл - ем жүргізу үшін тиімді жүйе. Талғарда 21 адам онкологияның асқынған түрімен тіркелген. Мұны аудан дәрігерлері ковид кеселі дендегендіктен адамдардың тексерілуге бармағандығымен түсіндірді. Көшеге шықсақ, тексеру аппаратына түссек, коронавирус жұқтырамыз деп қорқақтап, скринингке бармай қойғандар да болған дейді. Бұл орайда аудан орталығында және Панфилов ауылында онколог-дәрігердің кеңесі ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ауданға 2 маммография аппараты қойылған. Талғарда өткен жылы 4 адам туберкулез дертінен қайтыс болған. Осыған орай ауданының 60 дәрігері туберкулездің алдын алу бойынша қосымша оқуға жіберілмекші.

Жиын барысында облыс басшысы Қанат Алдабергенұлы арнайы комиссия құрып, денсаулық сақтау саласына талдау жүргізу керектігін айтты.

Ана өлімі орын алған аудандардың бірі – Панфилов. Облыс басшысы жауапты маманнан келеңсіздіктің себебін сұрады. Аудандық аурухананың директоры Марат Әбдіғалымов қайтыс болған жүкті аналардың коронавирус індетімен сырқаттанғанын айтты. Олар бала-шағаның қамымен індеттен емделуге уақытында бармаған. Соның салдарынан жағдайлары ауырлап кеткен. Панфилов ауданында ана мен бала денсаулығын сақтап, аман алып қалу үшін барлық жағдайдың жасалғанын айтқан облыс басшысы басқа аудандарда да ковидттің орын алғанын айта келіп, мағына маманның біліктілігіне келіп тірелуі мүмкін екенін айтты. Бұл орайда аудандық аурухананың директоры ана мен баланы қорғау саласындағы негізі мәселе – кадрға келіп тірелетінін жеткізді. Ол акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог мамандары жетіспейтінін айта келіп, мамандарға үй немесе тұрғын үй салатын жер беру қажеттілігі туындауда екенін жеткізді. Деректің алдағы уақытта орын алмауы үшін не істеп жатырсыңдар деген сауалға жаңа туған нәрестелердің патологиясы және шала туған нәрестелерді күту бөлімі ашылып, күндіз екі неонатолог дәрігер және реаниматолог дәрігер бірлесіп жұмыс істеуде екенін айтылды.

Бас дәрігердің айтуынша, 1 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерді микроучастокқа бөліп, медицина қызметкерлеріне тізімделіп берілген. Әйелдер кеңесіне қарасты 13 телім толықтай медбикелермен қамтамасыз етілген. Жедел шұғыл жағдайларда көмек көрсету бойынша ауданның орта буынды мамандары орталықта тест тапсырған. Ұрықтың Ультрадыбыстық скринингінің сапасын жақсарту және туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мақсатында «УДЗ эксперт класс» деген аппарат алынғандығы да көп жағдайда көмек екенін айтты. Аудандағы мектеп, колледждің 14-18 жас аралығындағы жастарымен ауруханада құрылған «Жастар» денсаулық орталығының мамандары кездесу өткізіп, кеңес берумен шұғылданбақшы.

Бұл күнгі жиын бұрынғыдан өзгеше өтті. Орын алған жағдайлар айтылып қана қоймай себеп-салдары мен алдын алу жолдары да бірден талқыланды. Жылдың екінші жартысында осы дәрігерлер жиынға қайта шақырылып, өзгеріс-жаңалықтары сарапқа салынады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев жергілікті округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары жүкті әйелдерді тіркеуге уақытылы алуда дәрігерлерге көмектесу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта маманмен қамту, қаржылай қолдау, материалдық базаны нығайту жағынан қолдау көрсетілетінін айта келіп, медицина саласына талаптың күшейетінін ескертті.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы