"ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" ФЕЛЬДШЕРІ НАУҚАСҚА КӨМЕКТЕСУ ҮШІН ІЛЕ ӨЗЕНІН ЖҮЗІП ӨТТІ

Уақыты: 24.04.2022
Оқылды: 1768
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Балқаш ауданының "Жедел жәрдем" диспетчеріне Іле өзенінің арғы жағында орналасқан фазендадан қоңырау түскен. Көліктер ол жерге жете алмайды, бірақ жергілікті фельдшер мәселені шешудің амалын тапқан.

Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, ол моторлы қайығы бар жергілікті тұрғынды тауып алады. 40 минуттан кейін өзенді жүзіп өтеді. Бірақ науқасқа жету үшін орман арқылы тағы бір шақырым жол жүруіне тура келеді.

Науқасқа жеткен соң оның төбелес салдарынан жарақат алғаны белгілі болды. Мас күйінде бір топ адам төбелесіп, біреуі зардап шеккен.

Данияр Күмісбаев зардап шеккен адамға дер кезінде жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Артынша фельдшер пышақ жарақатын алған ер адамды дереу жағаға шығарып, аудандық ауруханаға жеткізген. Қазір науқастың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

"17 жыл жұмыс істеп, көп нәрсені көрдік. Қандай жағдай болса да, біз әрқашан дайын болуымыз керек", - дейді Данияр Күмісбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"