ВАКЦИНАНЫҢ АРҚАСЫНДА 3 МИЛЛИОН СӘБИ АЖАЛДАН АМАН ҚАЛАДЫ

Уақыты: 25.04.2022
Оқылды: 1455
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша Еуразия аймағында, соның ішінде, Қазақстан Республикасында «Барлығына ұзақ өмір!» ұранымен сәуірдің 24-30 аралығында Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі.

«Барлығына ұзақ өмір!» ұранымен өткізілетін 2022 жылғы Еуропалық иммундау апталығының мақсаты – вакциналарға теңдей қолжетімділікті арттыру. 2022 жылғы Еуропалық иммундау апталығының іс-шаралары мынадай міндеттерді іске асыруға бағытталған:

- вакцинацияланған және вакцинацияланбаған адамдардың денсаулығын ұжымдық иммунитет көмегі арқылы қорғау үшін вакцина маңызды екенін хабардар ету;
- жасөспірімдерге, ата-аналарға және денсаулық саласындағы мамандарға вакцинациялау пайдасына иммундау жөніндегі дәлелді ақпарат негізінде саналы таңдау жасау қажеттігі туралы еске салу және ғылыми негізделген ақпаратты тарату;
- ата-аналарды олардың отбасы мүшелерінің, өздерін қорғау үшін де, басқа адамдарды да қорғау үшін уақытылы иммундаудан өтудің, яғни, жалпы жауапкершіліктің маңыздылығы туралы хабардар ету;
- Украинадан елге келген көптеген босқындарды қабылдау үшін денсаулық сақтау жүйелерінің әлеуетін арттыру және вакциналарға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

- Вакцинация барлық уақытта көптеген қауіпті жұқпалы аурулармен күресудің негізгі құралы. Егу жұмыстары халық денсаулығын сақтауға, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан Республикасының Ұлттық күнтізбесіне сәйкес, тұрғындарға 20 жұқпалы ауруға қарсы ақысыз, жоспарлы түрде иммундау жүргізіледі, - дейді Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахмет.

Айта кетейік, жыл сайын әлемде вакцинаның арқасында 3 миллиондай сәби ажалдан аман қалып, 750 мыңдай бала мүгедектіктен айығады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"