БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ЖАҢА ӘДІСПЕН ӨТ ҚАБЫНА ОТА ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 03.05.2022
Оқылды: 1639
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Балқаш аудандық орталық ауруханасында алғаш рет лапароскопиялық әдіспен өт қабына ота жасалды. Операцияға Балқаш аудандық аурухана директоры, медицина ғылымының магистрі Дәурен Иманалиев пен жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымының магистрі, Ұйғыр аудандық ауруханасының директоры Айдын Молдашұлының қатысты.

Балқаш аудандық аурухана директоры Дәурен Жұмазыұлы облыстың білікті мамандарымен тәжірибе алмасу жұмысы қолға алынғанын айтады.

- Біздің ауруханаға биыл күрделі жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды. Соның нәтижесінде бірқатар операцияларды дәрігерлер  аудан деңгейінде жасайтын болды. Ауруханада алғаш рет екі науқастың өт қабына лапароскопиялық жолмен ота жасалды. Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты. Сонымен қатар, ауруханада маман тапшылығын шешу мақсатында Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген бейінді мамандар тұрғындарға  аптасына бір рет қабылдау жүргізіп жатыр, - деді Дәурен Жұмазыұлы.

Лапароскопия - бұл хирургиялық араласулар мен органдардың диагностикалық зерттеулерін жүргізудің заманауи әдісі. Бұл әдіспен жасалған отадан кейін науқастың денсаулығы тез қалпына келеді.

Еске сала кетсек, іргетасы 1986 жылы қаланған Балқаш аудандық орталық ауруханасына 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта аурухана 26 мыңға жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"