МАЙЛЫ ТАҒАМ МЕН ТӘТТІЛЕРДІ ШЕКТЕҢІЗ! АКАДЕМИК ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВТЫҢ КЕҢЕСІ

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 1742
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақ тағамтану академиясының президенті, көрнекті ғалым, академик Төрегелді ШАРМАНОВ әлеуметтік желіде маңызды жазба жариялады. Онда ғалым майлы тағамдар мен тәттілерді тұтыну мөлшерін азайту, жеміс-жидек пен көкөністі көбірек пайдалану туралы кеңес ұсынған.

"Жүрек-қантамыр ауруларын көбейтетін қауіп-қатер факторларын жеңу үшін, сонымен қатар, семіздікті, диабетті, және қатерлі ісіктердің кейбір түрлерін азайтуға ықпал жасайтын көкөніс пен жемістерді көбірек пайдалана отырып, майлы тамақтар мен әр түрлі тәттілерді пайдалануды шектеп және ас тұзын азайтуды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынады.

Қатерлі ісікке қарсы күрестегі бүгінгі жетістіктер, негізінен, құрамында антиканцерогендік қасиеті бар фенолды және полифенолды қосылыстар сияқты антиоксиданттары мол көкөністер мен жемістерді мейлінше көп пайдаланумен байланысты. Мысалы, брокколи қырыққабатының құрамында сульфорафандар, шайда - катехиндер, қызанақта (әсіресе, шие тәрізді сорты) - ликопендер, жасыл жапырақ тәрізді көкөністерде (салаттар) - лютеиндер, қызыл шарапта - фенолды қышқылдар, сарымсақ пен пиязда - кверцетиндер, соя бұршағында - изофлавиндер, цитрустарда - лимоноидтар бар.

Халықтың өлім-жітімін азайтуға нақты ықпал жасау үшін денсаулық сақтау саласына жетекші рөл атқаратын, үкімет бұрынғыдай емдеуге жіберетін шығыннан артығырақ қаржы күшін қауіп-қатер факторларының алдын алуға жұмсауды қарастыруы қажет.

Дүние жүзінің әр жеріндегі елдерде жүргізілген ғылыми зерттеу мәліметтерін талдау негізінде, біз бүгін тамақтану мәселесін тиімді шешу жөнінде жеткілікті мағлұматқа иеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары:

• жеміс пен көкөністерді мол мөлшерде пайдалану, сонымен қатар, тұтас дәнді өнімдер мен жаңғақтарды пайдалану;

• майлар мен қаныққан май қышқылдарын тұтыну деңгейін төмендете отырып, қанықпаған майларды көбірек пайдалану;

• жануар өнімдерін пайдаланғанда ет пен сүттің майлылығы аз түрлерін таңдау;

• балықты көбірек пайдалану;

• жеңіл сіңімді көмірсуларды (қанттарды) мейлінше азайту;

• жалпы пайдаланатын ас тұз мөлшерін азайту;

• балаларға майлы және қантты тағамдарды шамадан артық беруді шектеу;

• алты ай бойы тек ана сүтімен коректендіруді және екі жасқа дейін ана сүтімен қоректендірумен қатар қосымша тамақты дұрыс беру тәжірибесін насихаттау;

• өмір бойы дене қимылының белсенділігін сақтау;

• тұтынушыға «салауаттылықты таңдау» мүмкіншілігін беру үшін, неғұрлым пайдалы тағам өнімдер жөнінде үнемі мағлұмат беріп тұру.

Мысалы, Финляндия 70 жылдары әлемде жүрек-қан тамырлары ауруының өлімінен 1-ші орынды иеленді. Бірақ, май құрамы азайтылған сүт тұтынуды кеңейту, темекі тартуға тыйым салу заңын қабылдап, мектепте тамақтануды жақсарту, жүрек-қан тамырлары ауруының өлімін 75% қысқартты.

Трансгенді (жануар өнімінен алынған) майдың 2% қуатын көпқанықпаған май қышқылдарына (өсімдік, балық, жылқы майлары) ауыстырғанда, жүрек қан-тамыры ауруларын 40%-ға дейін азайта отырып, 2 дәрежелі диабет ауруын да қатар төмендетеді", - деп жазды Төрегелді Шарманов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"