ҚАЗАҚСТАНДА МАЙМЫЛ ШЕШЕГІН ЖҰҚТЫРУ ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ - БАС САНИТАР

Уақыты: 26.05.2022
Оқылды: 1590
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанда, оның ішінде, Алматы облысында маймыл шешегін жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Бұл туралы Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі таңда елімізде маймыл шешегі ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелмегенін айтты. "Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүзеге асырылады. Мемлекеттік шекарада аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты қашықтықтан термометрия арқылы анықтау (әкелудің алдын алу) бойынша іс-шаралар жүргізілуде", - деп атап өтті ҚР Бас санитарлық дәрігері - Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

Маймыл шешегі (monkeypoxes – MPXV) – сирек кездесетін жұқпалы ауру, қызба, жалпы интоксикация және экзантеманың пайда болуымен сипатталады (қызару).

Инкубациялық кезең 5-21 күнге дейін созылады. Адамдарда клиника жоғары қызба, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналуымен сипатталады. Аурудың ұзақтығы 2-3 апта.

Маймыл шешегі ауруының негізгі көзі - жабайы жануарлар, оның ішінде, приматтар мен кеміргіштер (тиіндер).

Инфекция адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ, ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін.

Маймыл шешегі бүгінде Батыс Африка елдерінде кең таралған (Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Камерун, Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Кот-д'Ивуар, Либерия, Сьерра-Леоне, Габон және Оңтүстік Судан). Африкада ауруға шалдыққандар саны тез өсуде, 2016 жылдан бастап, ресми ақпарат көздеріне сәйкес, ауру 20 есе өсті. Ең үлкен індет Нигерия мен Конгода жайылған.

2022 мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конгода жыл басынан бері маймылдың 1,2 мың жағдайы тіркелгенін хабарлады. ДДҰ-ның алдын ала мәліметтері бойынша, Африка құрлығынан тыс әлемнің 14 елінде (Испания, Португалия, Ұлыбритания, Бельгия, Канада , Германия, Италия, Австралия, Нидерланды, АҚШ , Израиль, Франция, Швейцария , Швеция) 110 жағдай тіркелген.

Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері жазғы демалыс және демалыс маусымының басталуына байланысты шетелге шығатындарға мынадай кеңес береді:

1)маймыл шешегінің өршуі тіркелген Батыс Африка елдеріне (Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Камерун, Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Кот-д'Ивуар, Либерия, Сьерра-Леоне, Габон және Оңтүстік Судан) барудан аулақ болыңыз (әсіресе, балалармен);

2)шетелге шыққан жағдайда жабайы жануарларға (приматтармен, кеміргіштермен) жақындамаңыз, стихиялық және көше саудасы орындарында тамақ ішуден аулақ болыңыз, тамаққа тек термикалық (әбден пісірілген) өңделген етті (азық-түлікті) пайдаланыңыз;

3)адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика (қашықтық, бетперде, антисептиктер) шараларын пайдаланыңыз. қол гигиенасын сақтаңыз.

4)егер сапардан оралғаннан кейін 3 апта ішінде мазасыздық, қызба, бөртпе (қызару, көпіршіктер) сезінсеңіз, шетелде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлай отырып, жақын маңдағы медициналық ұйымға дереу жүгініңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"