САҚТАНЫҢЫЗ! АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 1500-ГЕ ЖУЫҚ АДАМДЫ КЕНЕ ШАҚҚАН

Уақыты: 31.05.2022
Оқылды: 1339
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында 1500-ға жуық адамды кене шаққан. Оның 58 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

«Алматы облысы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақта орналасқан. Маусым басталғаннан бері аудандар мен қалалардың медициналық ұйымдарына 1486 адам жүгінген, оның 58%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кене шағумен 1025 адам медициналық көмекке жүгінген, оның 64%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл кене шағу санының 31%-ға артқанын көрсетеді. Биылдың сәуір айынан бастап орман және қалалық саябақтар мен скверлер аумағында кенеге қарсы у себу жұмыстары жүргізілді. Бірінші тур 968 га аумақты қамтыды, бұл 11 аудан және 2 қала», - делінген департамент хабарламасында.

Атап айтқанда, Ақсу ауданында - 18 га, Алакөл ауданында - 51 га, Еңбекшіқазақ ауданында 235,5 га, Ескелді ауданында - 55 га, Қарасай ауданында - 100 га, Кербұлақ ауданында - 40 га, Райымбек ауданында – 24 га, Сарқан ауданында – 38 га, Талғар ауданында – 263,5 га, Ұйғыр ауданында-55 га, Кеген ауданында - 60 га, Талдықорған қаласында 13 га, Текелі қаласында 15 га жер кенеге қарсы өңделген.

- Айта кету керек, кенеге қарсы өңдеудің екінші кезеңі маусымның бірінші жартысында жоспарланған. Бұл Алматы облысындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты. Іс-шаралар басталар алдында міндетті түрде ақпараттық белгілер қойылады, азаматтарға кенеге қарсы өңдеуден кейін 3 тәулік ішінде саябақтарға, скверлерге бармауы қажет. Кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакцинация екенін атап өткен жөн. Алматы облысында егуді дәрігердің кеңесінен кейін тұрғылықты жері бойынша аумақтық емханалардан тегін алуға болады, - деп толықтырды департамент өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"