Литвалық дәрігер дәріс оқыды

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1310
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

 Ана мен бала денсаулығына қамқорлық танытып, өмірін сақтау – ақ желеңді абзал жандардың басты міндеті. Бұл орайда уақыт көшінен қалмай медицинадағы ұтқыр да ұтымды технологияны игерумен қатар, жүзеге асыру шаралары жібін үзбей жалғаса бермек. Осы ретте Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасына Литвадан арнайы келген медицина мамандары ана мен бала өлімін болдырмау мақсатында іс-тәжірибе алмасты.

Жүкті әйелге шұғыл медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілін тілге тиек еткен Литваның Каунас қаласындағы Денсаулық ғылыми университетінің профессоры Ключинскас Миндаугас (суретте) арнайы жасалынған слайд бойынша дәріс оқыды. Құрамында акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог бөлімінің акушер, мейірбикелері бар арнайы бригада жүкті әйелді босандыру барысындағы жедел медициналық көмектің әдіс-тәсілдерін түсіндірді.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл шараға аталған саланың дәрігер-мамандары түгел қатысты. Ана мен бала өліміне жол бермеу, алдын алу мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Сол себепті, дәрігерлер біліктігін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Дамыған елдердің медицинасын оқып-үйрену мақсатында дәрігерлеріміз бұдан бұрын да Литваға, Израильге барып, тәжірибе алмасқандығын айта кеткен жөн. Ал бүгінгі шарада литвалық дәрігерлер өздерінің әлемдік стандарттарға негізделген жоғары сападағы озық тәжірибелерін көрсетпек, – деді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентхана бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі дәрігер-гинеколог Гүлжахан Жұмадуллаева.
Түрлі патологиялық жағдайдағы жүкті әйелді босандыру немесе кесарь тілігін жасау үстіндегі медициналық шаралар мен құрсақтағы баланы аман алып қалудың тәсілдері тәжірибе түрінде көрсетілді. Осы күні шетелдік жоғары білікті дәрігерлердің көмегімен Еңбекшіқазақ ауданынан келген әйелге кесарь тілігі сәтті жасалып, ұл бала дүниеге келді.
70 төсектік бұл перзентханада облыстың Алматы өңіріндегі аудандарынан келіп түскен жүкті әйелдерді босандыру мен емдеу шаралары жүргізіледі. Дәрігер-мамандардың айтуынша, туу көрсеткішінің өткен жылдармен салыстырғанда аздап кемігендігі байқалған. Бір қуанарлығы, үстіміздегі жылы ана өлімі орын алмапты.

Ұлбосын ИСАБЕК.
Алматы қаласы.