Мал ауруына жол берілмейді

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 2308
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ескелді ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ветеринарлық пункттерімен ветеринарлық станция» коммуналдық кәсіпорны облыс бойынша жақсы жетістіктерге жетіп келе жатқан ұжым. Бұл кәсіпорынды кейінгі жылдары білікті басшы Ерік Қиялбеков басқарып келеді. Жауапты жұмысты атқарып жүрген бұл кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысу үшін Ерік Тыныштықұлына жолығудың сәті түскен еді. Алдымен басшының өзі жайлы қысқаша мағлұмат бергенді жөн көрдік.

Ерік Қиялбеков 1972 жылдың 4 ақпанында Қызылағаш  ауылында дүниеге келген. Кезінде әкесі ауданда малдәрігері болып қызмет істегендіктен Ерік те жастайынан осы мамандықтың қыр-сырына қанығып өсті. Кейіннен орта мектепті бітіріп, мамандық таңдау сәті туғанда Ерік көп ойланбастан мал дәрігері болуды қалап, 1989 жылы Семей малдәрігерлік ветеринарлық институтына оқуға түсті. Оны 1994 жылы ойдағыдай аяқтап, ветеринар мамандығын иеленді. Еңбек жолын 1994 жылы Подгорный участогінде мал дәрігері болып бастады. 1996 жылдан бастап Талдықорған погран-малдәрігерлік пунктінде бірінші дәрежелі мал дәрігері болып жұмыс  істеді. Бұрынғы ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап, әркім өз еншісін алып, жеке бөліне бастаған кезеңде Ерік те өз мамандығынан қол үзіп, шаруа қожалығымен айналысуына тура келді. Алайда, жүрек қалауымен таңдап алған кәсібіне қайта оралудың сәтін күтіп жүрді. Кейіннен арманы орындалып, 2001 жылы  Ескелді аудандық аумақтық инспекциясында ветеринарлық инспектор ретінде бас маман лауазымына тағайындалды. Жылдар өткен сайын Еріктің де тәжірибесі толысты. Білімін жетілдіруді де ойлап, біліктілігін арттыру курстарына барды. Тумысынан адалдық пен ақиқатты жанына серік еткен  ол талай қордалы мәселенің  күрмеуін шешуге біркісідей атсалысып, өз саласының өркендеуіне үлесін қосты. Кез келген істе өзін жақсы қырынан көрсетіп, ұйымдастырушылық қабілеті мен  ұжымды ұйыта білетін жігерлі  жан екенін танытты. Осы міндетін сегіз жыл бойы абыроймен атқарған Ерік 2008 жылы Ескелді ауданының бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторының орынбасары болып жоғарылады. 2010 жылы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ветеринарлық бөлімінің бас маманы міндетін атқарды. 2015 жылдың 23 ақпанынан бастап Ескелді ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ветеринарлық пункттерімен ветеринарлық станция» коммуналдық кәсіпорнының директоры болып тағайындалған Ерік Тыныштықұлы бүгінге дейін осы міндетін мінсіз атқарып келеді. Ерік іскер басшы, білікті маман ғана емес, өнегелі отағасы ретінде де елге сыйлы. Ол зайыбы Айжан екеуі  үш қыз тәрбиелеп өсіруде. Біз Ерік Тыныштықұлымен кездесіп, сөзге тартқанымызда әңгіме ауанын жұмыс жайына қарай бұрды. 
– Кәсіпорынның мақсаты Ескелді ауданының аумағында  ветеринарлық-санитарлық қолайлы жағдайды қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды жою жөніндегі ветеринарлық іс-шараларды бекіту, ұйымдастыру, қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан қорғауды ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринарлық препараттарды және оларды сақтау, тасымалдау (жеткізу) және пайдалану жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринарлық және басқа іс-шаралар жоспарын орындау жөніндегі   қызмет түрін жүзеге асырады.
– Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы қалай қалыптасқан? 
– Қазіргі кезде кәсіпорынның теңгерімінде жекеменшік  ғимарат, 11 ветеринарлық пункт, мал сою алаңы, 6 мал қорымы,  өлі жануарлар мен түрлі биологиялық қалдықтарды жоюға арналған жылжымалы инсинератор, вакцина сақтауға арналған арнаулы қуатты мұздатқыш жабдық, сондай-ақ, жануарларды тасымалдауға арналған бір  «КамАЗ»,  дезинфекциялауға арналған  арнаулы  автомашина  «УАЗ 390945»,   бір  «Ssang Yong Actyon Sports», 11  Ваз 21214  «Нива» автокөліктері бар.
– Осының бәрі аудандағы мал басын аса қауіпті аурулардан аман сақтауды қамтамасыз ету мақсатында сіздің қызметкерлердің талапқа сай, сапалы жұмыс атқаруына жеткілікті ме?
– Жалпы, Ескелді ауданында қазіргі таңда 37684 бас ірі қара, 157272  бас ұсақ мал, 9205 бас жылқы, 57 бас түйе, 3368 бас шошқа бар. Осылардың аса қауіпті жұқпалы аурулардан аман болуын қадағалау үшін қолдағы барды барынша тиімді пайдалана отырып, аудан аумағында жоспарлы шараларды мерзімінде әрі сапалы атқаруға атсалысудамыз. Мәселен, өткен сегіз айда біздің қызметкерлер жануарлардың аса қауіпті және энзоотикалық  ауруларына қарсы, ауылшаруашылығы жануарларын  бірдейлендіру жөнінде жоспарлы іс-шаралар  жүргізді.
– Жұмыс барысында қордаланған мәселелерге байланысты  соларды жетілдіріп, оңтайлы шешу жолында, бұл саланың ісін ілгерілету мақсатында өздеріңіздің тараптарыңыздан туындаған ұсыныстар бар ма?
– Ескелді ауданы жергілікті атқару органының ветеринария қызметі – елдің ветеринария қызметінің беделін арттыру және нығайту мақсатында, жалпы  ветеринария жүйесін жетілдіру жөнінде қазіргі таңда ауылшаруашылығы жануарларын  бірдейлендіруді өткізу, қағаз жүзіндегі ветеринарлық  паспорттарды толтыру,  бірдейлендіру бойынша дерекқорларда тіркеу, есептен шығару, өткізілген ветеринарлық іс-шаралар туралы  мәліметтерді электронды паспорттарға енгізу, жануарларды сою алдындағы қарау және сойылғаннан кейін еті мен органдарын қарауды өткізу  арқылы ветеринарлық анықтамалар беру   жөнінде өткізілетін шараларды ескере отырып, ветеринарлық пункттердің  бір ветеринарлық мамандарына түсетін жүктеменің нормасын  дұрыс белгілеуді қажет деп санайды. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді өткізу кезінде  орындалатын  жұмыстарды мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін   ветеринарлық шараларға және мемлекеттік  ветеринарлық  ұйымдар басшылары мен мамандарын азаматтық  мемлекеттік қызметшілер санатына жатқызуды ұсынады. Тағы бір  айта кетерлігі, кәсібилікті  арттыру мақсатында  ветеринария  мамандарының біліктілік санаттарын бекіту және аталмыш  кәсіптің  беделін  арттыру үшін  «Ветеринария қызметкері күнін», сондай-ақ,  «Қазақстан Республикасының еңбек  сіңірген  ветеринарлық дәрігері»,  «Ветеринария саласындағы кәсіби шеберлігі  үшін»  деген  ведомстволық  наградалар  бекітілсе  нұр үстіне нұр болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Шора  БАТЫРБАЕВ.
Ескелді ауданы.