КОРОНАВИРУС ҚАЙТА ӨРШІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 05.07.2022
Оқылды: 1558
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Jetіsý medıa» ақпараттық алаңында «Алматы және Жетісу  облыстарындағы эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында брифинг өтті.

Жиында сөз алған Алматы облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов:

– Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың артқанын айтты. Республика бойынша көрсеткіш өткен  аптамен салыстырғанда 2,9 есеге артып, науқастардың 80 пайызға жуығы  індетке қарсы екпе алмаған және вакцина алғаннан 6 ай өткен адамдар екен, – деп Алматы және Жетісу облыстарында да індет қайта өршіп келе жатқанын айтты.

Пандемия басталғаннан бері екі өңірде коронавирустық инфекцияның 69 606 жағдайы тіркелген. Өткен тәулікте Қарасай және  Іле аудандарында 3, Сарқан ауданында 1 жағдай орын алып отыр.

Алматы және Жетісу облыстарында 12 жастан бастап тұрғындарды коронавирустық инфекциядан вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірлерде 366 вакцинация пункті және 67 жылжымалы пункт жұмыс істейді. Екі облыс бойынша 1 036 060 адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Бұл иммундауға жататын ересек халықтың 86,4 пайызын құрайды. Екінші компонентті 994 501 азамат алды. Жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер арасындағы вакцинация жұмыстары бойынша 144 734 адам Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 1-дозасын алған. Оның ішінде 110 953 жасөспірім, 4668 жүкті  және лактация кезіндегі 17 759 әйел бар.

Жетісу және Алматы облысының 413 892 азаматы ревакцинация курсынан (3 доза), одан бөлек, қайта ревакцинациялаудан (4 доза) 15 650 тұрғын өткен. Қазіргі уақытта екі облыстың тұрғындары үшін вирусқа қарсы "QazCovid-in", "SinopharmVeroCell" және Comirnaty (Pfizer) сияқты препараттар қолжетімді.

Бүгінде қос облыс та "жасыл" аймақта. Десе де, сақтық шарасын барынша ұстану керек дейді маман. Қазіргі кезде «сары» аймаққа облысқа жақын орналасқан Алматы қаласы ғана еніп отыр.

Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері егер облысымыз «сары» аймаққа көшіп жатса қосымша шаралар қабылдау туралы шешім шығаратынын жеткізді.

Атап айтсақ, COVID-19 вакцинасына түбегейлі қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер мен жүкті әйелдер қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылады. Жабық жер мен қоғамдық көлікте бетперде тағу міндеттеледі. 10 адамнан астам қатысушысы бар жиналыстар онлайн форматта өткізіледі. Сондай-ақ эпидемиологиялық қауіптілік аймағына қарамастан  әуе, ТЖ көліктері мен халықаралық автобус тасымалдарында маска тағу ұсынылады.

Айдар ҚАЛИЕВ