Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КОРЕЯДАН ДӘРІГЕРЛЕР КЕЛІП, ЕМ-ДОМ ШАРАЛАРЫН ЖҮРГІЗДІ

Уақыты: 06.08.2022
Оқылды: 1157
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына Оңтүстік Корея Республикасындағы әйгілі Чунан университеті «ХЕНДЭ» ауруханасының білікті мамандары арнайы келді.

Медицина саласы бойынша әлемнің алдыңғы қатарынан табылатын кореялықтар 4 күн бойы емделушілерді қабылдап, тегін ота жасап, жан-жақтылы ем-дом көрсетіп, сырқаттың сақаюына қолұшын беретін болады.

Осыған орай өткен конференцияда алғашқы болып Талдықорған көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Жұмахан Молдақұлов сөз алды. Ол:

– Қалалық ауруханаға әлемнің озық елдері санатындағы медицина мамандарының тегін қызмет  көрсететіні, бізбен өзара тәжірибе алмасатыны үлкен жетістік. Бірнеше жылға жалғасып келе жатқан бұл сабақтастық аясында біздің де мамандар Оңтүстік Корея еліне барып, тегін қызмет көрсетіп, шеберлігін шыңдап келеді, – дей келе қонақтарға қонақжайлылық көрсетті.

Бас дәрігердің айтуынша көп жыл көлемінде орнаған бұл сабақтастық лайықты жемісін берген. Жас мамандардың біліктілігі артып, шеберлігі шыңдалған. Бүгінгі таңда Чунан университеті «ХЕНДЭ» ауруханасынан Жетісу облысының орталығына 40 ерікті, 10-нан астам тәжірибелі маман, профессорлар мен докторлар келген. Аталған меймандар ортопедия, хирургия, травматология, нейрохирургия, неврология және шұғыл медициналық көмек бойынша емделушілерге қызмет көрсететін болады.

Жиын барысында Оңтүстік Корея Республикасы «ХЕНДЭ» ауруханасының директоры  Ким Бу Сол сөз алып, меймандос елдің ыстық ықыласына алғысын жаудырды. Сонымен қатар, Таң самалы елінен арнайы келген білікті мамандарды жекелей таныстырып өтті. «Covid-19» вирусы және әлем елдерінің ахуалы жайлы слайд көрсетіп, тың ақпарлар, аурумен күрес жолдары туралы нақтылы өз ойын ортаға салды.

Өз кезегінде Тхониль-Нанум академиясының директоры Ли Дже Ван сөз алып, Қазақстанда бірнеше рет болғанын, қазақ халқының қонақжайлығына риза екенін айшықтады. Сонымен қатар, көп жылдардан бергі өзіндік тәжірибелері жинақталған  кітапты Талдықорған көпсалалы ауруханасының бас дәрігеріне сыйға тартты.

Жиыннан кейін Корея елінің дәрігерлері кезек күтіп отырған емделушілерді қабылдауды бастап кетті. Төрт тәулік көлемінде көрсетілер көмекті күткен емделушілердің қарасы да қалың.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы