МАҢЫЗДЫ КЕҢЕС: БАЛАСЫН МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАП ЖҮРГЕН АТА-АНАЛАР НАЗАРЫНА!

Уақыты: 30.08.2022
Оқылды: 1187
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Оқушыларды мектепке дайындау кезінде келесідей кеңес ұсынамыз:

Мәселен, балаға жеке бас гигиенасын сақтауды үйретіңіз. Тамақ ішер алдында және дәретханадан кейін қол жуу, антисептикпен өңдеу – баланы көптеген аурулардан қорғай- тын ең қарапайым ереже. Сонымен қатар, балаға күн тәртібін сақтауды үйреткен жөн.

Күн тәртібі – бұл кез келген баланың салауатты өмір салтының маңызды бөлігі. Мектеп жасындағы балаға дұрыс ұйқы және тұрақты үйлестірілген тамақтану режимі қажет. Баланың сабақ оқитын орнына көңіл бөліңіз. Жеткіншектің денсаулығы жақсы болу үшін, ол қолайлы жағдайда оқуы керек.

Баланың сабақ оқитын орны жарық болуы тиіс, шам сол жақ бөлікте, егер балаңыз солақай болса – оң жақта орналасуы керек. Үстелдің биіктігі баланың бойына сәйкес болуы шарт.

Мысалға, бойы 115-130 сантиметр болған жағдайда – үстелінің биіктігі 52 сантиметрден аспауы керек, ал бойы 130 сантиметрден асқан жағдайда – 58 сантиметр болуы міндетті.

Оқушылардың мектеп киімі мен құралдарына қойылатын нақты талаптар бар. Мысалы, мектеп сөмкесін немесе рюкзакты таңдау кезінде тиісті талаптарды сақтау қажет.

Бірінші кезекте баланың омыртқасы мен иығына салмақ түсірмейтіндей сөмкенің берік құрылымына баса назар аударыңыз. Сондай-ақ, сөмкенің иықбаулары жалпақ әрі жұмсақ материалдан тігілуі керек.

Сөмкенің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келгені жөн. Нақтырақ айтқанда 1-3-сыныптардың білім алушылары үшін – 1,5- 2,0 кг; 4-5-сыныптар – 2,0-2,5 кг; 6-7-сынып – 3,0-3,5 кг; 8-11(12)-сыныптар үшін – 4,0-4,5 кг-нан аспауы тиіс. Мектеп формасы табиғи матадан тігілгені балаға өте қолайлы.

Мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, ауа өткізетін, баланың денесін терлетпейтіндей және антибактериалдық, антимикробтық, антистатикалық маталар қолданылады. 75-85% табиғи маталар (мақта, жүн) және киімнің қыртыстануын болдырмау мақсатында синтетикалық қоспалардың 15-25% бар маталар ұсынылады.

Мектеп формасы баланың қозғалысын шектемейтініне және жыл мезгіліне сай келетініне назар аударыңыз. Психологиялық тұрғыдан дайын болыңыз. Психологиялық жайлылық балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды.

Қ.БЕКМҰРАТОВА,

Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім және тәрбие объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы