ҚАПАЛДАН КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛ "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" КӨЛІГІНДЕ БОСАНДЫ

Уақыты: 02.09.2022
Оқылды: 2199
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғанда аяғы ауыр келіншек перзентханаға жетпей, "Жедел жәрдем" көлігінде босанып қалды.

Жетісу облыстық "Жедел жәрдем" станциясының мәліметінше, аяғы ауыр келіншекті медициналық көлік Қапал ауылынан алып келе жатқан. Талдықорғандағы облыстық перзентханаға баруы тиіс әйелдің толғағы көлік ішінде қысып, фельдшерлерге оны көліктің ішінде босандырып алуға тура келген.

«Талдықорғанның "Шығыс" шағынауданында "Жедел жәрдем" көлігін өзге көлік соғып, оқиға орнынан қашып кетті. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ал бала мен ананың жағдайы жақсы, дүниеге ұл келді. Олар анасымен перинаталдық орталыққа жеткізілді», - деп мәлімдеді дәрігерлер.

"Жедел жәрдем" көлігінде босанған әйел 1997 жылғы. Үшінші баласын босанды. Сәбидің салмағы 4 келі. Қазір нәрестенің де, анасының да жағдайы жақсы",- деді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қанат Қалиханұлы. Ал Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әзірге қашқан көліктің жүргізушісі табылмаған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"