АҚСУ АУДАНЫНДА ЖЕКЕ ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫП БЕРДІ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1455
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгін Тарас ауылында үлкен қуаныш – көптен күткен медициналық пункт ашылды. Осы уақытқа дейін бұл ауыл тұрғындары 1973 жылы салынған көне ғимаратта ем-дом қабылдаса, енді су жаңа мекемеде медициналық көмек көрсетілмек. Тұрғындарды қуанышты сәтімен Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов пен ауданның бас дәрігері Салтанат Мықтыбаева құттықтады.

Медициналық орталықты “Қыдырәлі” шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Мақашев салып берді. Жаңа әлеуметтік нысанның лентасы қиылған соң аудан басшысы мен жергілікті тұрғындар медициналық пункттің ішін аралап көрді. Мұнда фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай жабдықталып, ауылдағы 400 тұрғынның барлығына қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

- Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға көмек көрсетіледі. Қандай да шұғыл жағдай орын алып жатса да, күндіз-түні қызмет көрсетуге дайынбыз, -  дейді ауыл алғысына бөленген медбике Ақмарал Нұралинова.

Ауылдағы медициналық пункттің ашылуы тұрғындар жүзіне қуаныш ұялатты. Әсіресе, денсаулығына жиі шағымданатын қарттар үшін бұл үлкен игі іс. Енді олар кез келген мәселе бойынша алысқа бармай-ақ, жергілікті мамандарға жүгіне алады.

Айта кету керек, мемлекет қолдауы аясында Тарас ауылында 2018 жылы жаңа мектеп пайданалуға берілсе, өткен жылы ауылдың кірме жолы жасалған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"