ТАЛҒАР АУРУХАНАСЫ ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕХНИКАЛАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 22.10.2022
Оқылды: 2657
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талғар аудандық орталық ауруханасына қарасты медициналық мекемелерге 450 медициналық құрылғы сатып алынды. Бұл туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Атап айтқанда, "С-дуга" рентген аппараты, КТ (компьютерлік томограф), "ФГДС" аппараты, кардиотокограф, "УДЗ" аппараты, оттегі концентраторы, қозғалмалы рентген аппараты, егіз балаларға арналған "FETUS BFM-900" мониторы мен жаңа туған нәрестелерге арналған фототерапиялық сәулелендіргіш "ОФТН-420/470-02", балаларға арналған аудио-скрин, өкпе функцияларын зерттеуге арналған спирограф және перзентханаға арналған көптеген қосалқы жабдықтар сатып алынды.

Аталған аурхана "A-class Medical" ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына өткеннен кейін екі жыл ішінде 31 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ауылдық ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттер, сондай-ақ, Талғар қаласындағы орталық аурухананың кейбір блоктары бар.

Талғар аудандық орталық ауруханасын сенімгерлік басқару құқығына ие «A-CLASS MEDICAL» ЖШС бас директорының даму жөніндегі орынбасары Марлан Нұрмұхамбетовтің айтуынша, ауруханаға инвестицияны мақсатты түрде жұмсау үшін алдымен тәуелсіз аудит жүргізілген. Соның нәтижесінде бірқатар медициналық нысандарға тез арада күрделі жөндеу жұмыстарын жасаумен қатар заманауи техникалар сатып алынған.

- Әрине, біз үшін басты мақсат – пациенттер мен медицина қызметкерлеріне жағдай жасау. Сондықтан, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық нысандар жаңа заманауи медициналық техникамен жабдықталды. Сонымен қатар, барлық жерде тұрмыстық техника, стильді заманауи жиһаз, жұмыс үстелдері, компьютерлер мен теледидар орнатылған, - деді Марлан Қалмаханұлы.

Бүгінгі күні Талғар аудандық орталық ауруханасына 500 жаңа компьютер және 40 принтер орнатылған.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"