ДӘРІГЕРЛЕР ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП, 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫНДЫ ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 31.10.2022
Оқылды: 1501
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Балқаш аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері шалғай орналасқан ауыл тұрғындарын медициналық тексеруден өткізді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жылжымалы медициналық кешен мамандары Балқаш ауданына қарасты 19 елді мекенді аралап, тұрғындарды тексерді. Аудан, қала орталығынан алыс орналасқан ауылдарға дәрігерлер арнайы барып, жалжымалы медициналық кешеннің арқасында сапалы медициналық көмек көрсетті.

Жылжымалы медициналық кешен азаматтардың денсаулығын кең спектрлі тексеруден өткізуге арналған. Ол жалпы қабылдау, тәжірибелік дәрігер және талдауларды қабылдау аймағы, дәріхана пункті, функционалды диагностика, акушер-гинеколог, сондай-ақ сәулелік диагностика кабинеттерінен тұрады.

Мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлмеде рентген және флюорография қауіпсіз жағдайда жасалады.

Мамандар сәуір айы мен қазан айларында Құйған, Жиделі, Балатопар, Қаскелең топар, Желтораңғы, Аралтөбе, Ақжар, Қараой, Көктал, Көкжиде, Ақкөл, Үш жарма, Бура, Береке, Бояулы, Ақдала, Бірлік, Миялы, Бақбақты ауылдарына барып, 5843 адамды тексеруден өткізді.

Жылжымалы медициналық кешен қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көктем мен күз мерзімдері аралығында жолға шығып, тұрғындарды тексеруден өткізеді.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"