СКРИНИНГ: ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА 1000-ҒА ЖУЫҚ АДАМНАН АУРУ БЕЛГІЛЕРІ ШЫҚТЫ

Уақыты: 25.11.2022
Оқылды: 2192
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жетісу облысында ауыл тұрғындарының скринингі нәтижесінде 1000-ға жуық науқас анықталды. Бұл жайында "Жетісу медиа" ақпараттық алаңында өткен брифингте белгілі болды.

Баспасөз конференциясына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жүнісова, Көксу аудандық орталық ауруханасының басшысы Жаннұр Сырымов пен Ескелді ауданының орталық ауруханасы директорының сапа жөніндегі орынбасары Анастасия Бормотова қатысып, баспасөз өкілдеріне ақпарат берді.

Бүгінгі күні медициналық тексеруден 32 мыңға жуық адам өтті. 18-29 жас аралығында жастар арасында да науқастар саны аз емес. Осы айдың басынан жастар арнайы мақсатты топ есебінде жоспарлы скринингтерден өткізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес ауыл тұрғындарының скринингі 4 мақсатты топ бойынша жүргізіледі: «Жастар» - 18-ден 29 жас аралығында, «Еңбек-1» - 30 бен 44 жас аралығы, «Еңбек-2» - 45 пен 65 жас аралығы және «Зейнеткер» - 66 жастан жоғары қарт адамдар.  Бұдан бұрын скринингпен 30-70 жас аралығындағы тұрғындар толық қамтылған болатын.

Ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет түрлері кеңейтілді. Мәселен, бүгінде глаукома, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, асқазан-ішек жолдарының және бүйрек жетіспеушілігі, өкпе туберкулезі, сүт безінің қатерлі ісігі аурулары ерте сатыда анықталады.

Облыста ауылдық елді мекендердің тұрғындарын профилактикалық тексерулермен кеңірек қамту мақсатында 8 жылжымалы медициналық пункт жұмылдырылды. Сондай-ақ, осындай мүмкіндіктермен барлық аудандық ауруханалар қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта аудандарда 3 жылжымалы медициналық пункт  пен 5 автобус бар.

«Барлық тұрғындарды медициналық ұйымдарда скринингтен өтуге шақырамыз. Алдын алу, ерте диагностика және уақытылы емдеу кез келген науқаспен күресте өте маңызды», - дейді спикерлер.

Бағдагүл АХМЕТЖАНОВА

Жетісу облысы