ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАНДАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ - ЖАҢА ЖОБА

Уақыты: 29.11.2022
Оқылды: 1949
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында «Ауруды емес, өмірді таңдаңыз, бірге күресейік»  атты әлеуметтік жоба аясында іс-шара өтті. Клиника мамандары мен 10-сынып оқушылары Үсен Жұлдыз бен Үсен Алтынайдың ұйымдастырумен өткен шарада клиникадағы науқастар шахмат ойнап, бір-бірімен ашық жарқын әңгімелесіп, ішкі сырларымен бөлісті.

- Жобаның мақсаты - аурудың әртүрлі кезеңдерінде көптеген қиындықтарға тап болған науқастарға қолдау көрсету. Өздерін жалғыз сезініп жүрген науқастарға одан шығудың жолын тауып, көмек көрсету. Яғни, басқа қалыпқа түскен өмір өзгерісін қабылдап, сонымен жаңаша өмір сүруге үйрету. Сонымен қатар, психологтың көмегіне жүгіну өте маңызды екенін түсіндіру, - дейді онкопсихолог, психиатр, жоғары санатты дәрігер Константин Артьемев.

Шараға қатысқан Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің 10-сынып оқушылары Үсен Жұлдыз, Үсен Алтынай науқастармен әртүрлі тақырыпта әңгіме айтып, науқастарға қолөнер туындыларын, шахмат пен сурет құралдарын тарту етті.

- Психологтың айтуынша, науқас адам ойын басқа нәрсеге аударса, ауруын ұмытып, өзін жеңіл сезінеді. Сол себепті сурет салуға қажетті құралдарды сыйға тарттық. Мұндай әлеуметтік маңызы бар жобалар науқастарға көп көмектеседі деп ойлаймыз. Сондықтан келесі жобаны ауқымды түрде ұйымдастыру туралы ұсыныс жасадық, - деді жобаға қатысқан Жұлдыз бен Алтынай.

Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққан науқастармен тек физикалық тұрғыда емес, психологиялық тұрғыда ем қатар жүргізілгені дұрыс. Сонда ауруға қарсы күрес қарқынды жүреді.

- Көп жағдайда науқастар депрессияға түсіп, жақын адамдарымен жиі ренжіседі. Осындай сәтте туысқандардың қолдауы ауадай қажет, - дейді қатерлі дертке шалдыққан адамдардың бірі Анар Смағұлқызы. - Мен осы дертке шалдыққан кезде туысқандарым, достарым үлкен қолдау көрсетті. Мен үшін ол өте маңызды болды Сондықтан ауруға қарсы күресті тоқтатқан жоқпын. Қазір барлық қиын күндер артта қалды. Мен қазір нағыз бақытты жандардың бірімін.

Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында 2022 жылдың 9 айында 1549 адамнан қатерлі дерт анықталып, тіркеуге алынған.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"