АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ

Уақыты: 04.08.2016
Оқылды: 1670
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Гепатитке қарсы дүниежүзілік күрес күніне орай 2016 жылдың 28 шілдесі мен 28 та­мызы ара­лығында Республика бойынша көп­те­ген іс-шара жүзеге асырылмақ. Об­­лыста да гепатитке қарсы күрес то­лас­та­ған емес. Соның ішінде 2 жасқа толған ба­­лаларға вак­цина егу дәстүрге айналды. Бұл туралы об­лыстық тұтынушылардың құ­қық­­тарын қорғау департаментінің мәжіліс за­­лында өткен жиында сөз болды.

 

Қазіргі таңда вирустық гепатиттің бірнеше түрі бар. Жұқпаның тұрғындар арасында берілу жолы мен таралуы да әртүрлі. Вирустық гепатитпен тек қана адам ауы­рады және барлық жағдайда да жұқтыру көзі сыр­қаттанғандар. Вирустық «А» және «Е» гепатиттері тез әрі оңай жұғады. Ластанған қол, су және тағам өнімдері ар­қылы беріледі. Бұл сырқатпен көбіне жеке бас ги­гиенасын сақтамайтындар ауырады. Сондықтан ба­ла­ларыңыздың тазалығын жіті бақылап отырғаныңыз жөн. Ал парентеральды вирустық тобына «В», «С», «Д» ге­патиттері жатады. Олар инфекция жұқтырылған қан құю, әртүрлі емдік шараларда, атап айтқанда ота жасау, ине салу, босану кезінде стерильденбеген (залал­сыз­дан­баған) құрылғылардан және жыныстық қатынас арқылы да жұғады. Сондай-ақ, татуировка салған сәтте, құлақ ұшын тескенде, косметологиялық іс-әрекеттер мен тұрмыстық заттарды бірлесе қолданған кезде жұ­ғады.

Облыс бойынша соңғы жылдары вирустық гепатит­пен ауыратындардың саны едәуір азайып келеді. Вирустық «А» гепатитінің алдын алу үшін 2 жасқа толған балаларға 2011 жылдың аяғынан бастап вакцина егу қолға алынған. Оған жыл сайын қаражат бөлініп отырады және де өз жемісін беруде. Мысалы, 2011 жылы 449 жағдай тіркелсе, ол көрсеткіш қазіргі кезде 5,2 есеге төмендеген. Вирустық «В» гепатитіне қарсы иммундау үшін жаңа туған нәрестелер алғашқы екпесін перзентханада, әрі қарай 2–4 айлығында қабылдайды. Соңғы он жылда парентеральды гепатиттердің («В», «С») көрсеткіші 10 есеге төмендеп, осы жылы тек қана 1 жағдай тіркелді.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, денсаулығымызға мән беріп, уақытылы тексеруден өтіп тұрғанымыз құба-құп.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ.