Өміріңді өзгерт

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1762
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Апта соңында «Іле- Алатау» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің Қаске­лең шатқалында Қазақ­стан Рес­публикасының скай­раннинг федера­циясы­ның ұйым­дастыруымен «Sky Run Fest 2016» деп аталатын тұңғыш фестиваль болып өтті. Оған Алматы қа­ласы мен облы­сындағы осы спорт түрін ұнататын әуесқойлар қатысты.

Шынын айтсақ, алға­шын­­­­­да таныс емес ағылшын сөзі нені аңғартатынын түсіне алмай, сан-саққа жорыған едік.  Шақыру қа­ға­зында жазылған «биік­тікке жүгіру» деген анық­тама да мәселенің мәнісін аша қоймаған. Сондықтан шараны өз көзімізбен көру үшін  Қарасай ауданында орналасқан шатқалға ар­найы аттандық. Осы жерде қонақтарды қарсы алып, орналастырып жүрген ұйым­­­­дас­тырушылардың бірі – Регина Хайбуллина шараның мән-мағынасын түсіндіріп берген. Скай­раннинг біздіңше айтқанда арнайы дайындалмаған, жол­дары жасалынбаған тау шатқалдарымен биікке қа­рай жүгіру екен. Яғни, бұрын табиғатты, тауды сүйе­тіндер өз беттерімен жүгі­ретін бол­са, енді «Скай­ран­нингпен айналысып жүрмін» деп жұм­бақтап айтуына болады.

Жалпы, жер жаннаты Же­ті­су өлкесінің қай пұшпағы да көркем, тамаша емес пе? Соның ішінде Қаскелең шат­қалы қараса көз тоймайтын табиғатымен, жанға шипа таза ауасымен, күркірей ақ­қан Ақсай өзенімен ерек­шеленеді. Скай­раннингтен тұңғыш фес­тивальді ұйым­дас­тырушылар  жан-жағын биік шоқылар қоршап, өзен­нің аңғарын жасыл желек көм­керген тамаша алаң­қай­ды таңдапты. Мұнда фести­валь қонақтарына арнап па­лат­калы ауыл тігіліп қой­ғанымен келушілердің көп­шілігі  өздерінің жиналмалы шатырларын орнатып, әп-сәтте қызылды-жасылды ме­кен пайда болып үлгерген.

Өзінің отбасымен келіп, кішкене ұлымен шатыр тігіп жатқан Арман Ермұханбетов деген азаматты сөзге тарт­қан едік:

– Мектепте оқып жүр­генімізде, содан кейін де достарымызбен жиналып тауға шығатынбыз. Бүгінде олардың көпшілігі тіршілік қамымен жан-жаққа кеткен. Ал мұндай демалысты көп­шілікпен бірге өткізген әлде­қайда қызықты емес пе? Сондықтан Скайраннинг фе­де­рациясының осы фес­ти­вальді ұйымдастырып жат­қанын ғаламтордан біліп, хабарластық. Енді, міне, зайы­бым Қарлығаш пен ұлым Алдиярды алып, осы жерге келіп отырмыз. Ұна­са феде­рация мүшесі болуға дайын­быз.

– Мен бұрыннан жүгіруді ұнататынмын, – дейді екі баласы мен сіңлісін ертіп келіп, өздерінің шатыр­лары­на орналасқан Айнұр Ғабдул­лина. – Алматы марафонына, ультрамарафонға жыл сайын  қатысып тұрамын. Ал скай­раннинг дегеніміз тек спорт емес, бұл табиғат аясында тамаша демалу да. Бұл, ең алдымен, салауатты өмір салты. Міне, сондықтан біз осы жердеміз.

Бұл күні фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, содан кейін қаты­сушы­лар түрлі мерекелік шаралар мен командалық жарыстар өткізген. Кешке қарай алау оттың жанында тамақтанып, соңынан тауда жүгірудің ережелері мен қауіпсіздік шаралары туралы түсінік­теме берілді. Ал ұйықтар алдында қонақтарға арналып тақырыптық фильм де көр­сетілді. Ертеңіне таңғы ас­тарын ішкен қонақтар топ-топқа бөлініп, табиғатқа са­пар шекті. Кішкене бала­ларымен келгендер үшін же­ңіл­деу маршрут таң­дал­са, ересектер өздерін ауыр бағыт­­­та сынап көрді. Қа­уіп­сіздік шаралары жан-жақты қамтамасыз етіл­гендіктен көпшілік тамаша демалып, тау шатқалдарын бағындырып, аман-есен лагерьге оралды.

Қауіпсіздік демекші, фестивальдің ешқандай тосын оқиғасыз, қалыпты өтуі үшін Қарасай ауда­нының әкімдігі жол-пат­руль полициясын, «Жедел жәрдем» бригадасын және төтенше жағдай қызметін де ұйымдастырыпты. Ал табиғатты ластамау  мәсе­лесін «Іле-Алатау» мемле­кеттік ұлттық табиғи пар­кінің қызметкерлері қада­ғалап отырды.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді дана хал­қымыз. Іргемізде осындай тамаша демалыс аймағы бар екенін білсек те онда барып, серуендеп қайтуға уақыт таба бермейтініміз жасырын емес.  Таби­ғат­пен етене араласып, одан рухани нәр алып, бір жағы спортпен шұғылданып қай­тудың адам ағзасына өте пайдалы екенін осы жолы қапысыз ұққандай болдық.  Қаланың қапырығынан қа­шып, таудың таңғы шықтай таза ауасын жұтып, өмі­рімізге сәл де болса өзге­ріс енгізгеніміздің артық­тығы жоқ-ау!

 

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы.