Еліміздің барлық республикалық және өңірлік балалар ауруханасында 25 мыңнан астам төсек-орын қарастырылған. 2023 жылы тәулік бойы және күндізгі стационар құрамында 82 мыңнан астам бала емделді, 40 мыңнан астам бала амбулаториялық деңгейде медициналық көмек алды. 18 жасқа дейінгі балалар медициналық көмекті тегін алады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының м. а. Әйгерім Оспанова айтты.
Тұқым қуалайтын туа біткен ауруларды және дамудағы ауытқушылықтарды ерте анықтау үшін туғаннан кейінгі алғашқы күндерде скринингтің 4 түрі қарастырылған. Жыл сайын туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі, 2023 жылы 5, 5 млн-нан астам бала қамтылды.
«Балалар денсаулығын сақтаудың басты жетістіктерінің бірі - жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамыту. Былтыр туа біткен жүрек ақауы бар 1708 балаға ашық жүрекке операция жасалды, 47%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды. Жаңа туған нәрестелердегі минималды инвазивті эндовидеохирургияның үлесі 40%-ға дейін өсті. Аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін құтқару үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация іске асырылды. Соңғы 3 жылда елімізде қалпына келтіру және оңалту бойынша төсек-орын саны 2 есеге артты. Қазір 4219 төсек-орын бар», – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ ол болашақ бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына «Денсаулық паспорты» кітабын сатып алудың қажеті жоқ екенін айтты. Енді ол тіркелген жері бойынша емханаларда анықтама түрінде тегін беріледі, ал болашақта цифрландырылмақ.
Балалар мүгедектігінің алдын алу мақсатында барлық өңірде ұрықты қорғаудың 20 орталығы құрылды. Мектепке дейінгі және мектеп медицинасы басқармасы құрылды. Балаларға профилактикалық көмекті жетілдіру үшін Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр.
Фото: profit.kz