Биыл Жетісу облысының денсаулық сақтау саласында 94 нысан салынады

Уақыты: 25.06.2024
Оқылды: 497
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан бой көтерсе, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде салынады. Халықтың игілігіне  дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт салынбақшы. Бұл ретте нысандардың 27-сі блокты-модульді құрылыс болады. Бұл туралы өңір әкімдік хабарлады. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде 40-тан астам нысан салынған. Биыл денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайып, 92,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Соған сәйкес жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. 

«Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93%-ға жетіті. Мұның бәрі өз кезегінде жергілікті жерлерде дұрыс диагностикалау мен сапалы емдеуге, сырқаттың алдын алуға оң ықпалын тигізеді», – дейді басқарма мамандары.

Өткен жылы 3,1 млрд теңгеге 300 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған, биыл да осы мақсатқа 4,7 млрд теңге қарастырылып отыр.

Фото: Kazinform