ДӘРІГЕРЛЕР БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

Уақыты: 01.07.2024
Оқылды: 873
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған көпсалалық ауруханасында «Qazmed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі және «KELESHEK» жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен медицина қызметкерлеріне арналған «Медициналық қызметкерлердің құқықтық қорғалуы және құқықтық жауапкершілігі» туралы семинар өтті.


Әрбір медицина қызметкеріне артылатын жауапкершілік, қойылатын жоғары талаппен қатар  оның әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғалуы аса маңызды. Себебі, құқығы бұзылған медицина қызметкері ең алдымен еңбек жағдайына көңілі толмайды. Медицина қызметкерінің құқығын бұзудың ең сорақы түрі –  физикалық тұрғыда жәбірленуден аман қалуға кепілдіктің болмауы. Мұның салдары медициналық қызмет сапасының төмендігіне, білікті мамандардың жетіспеуіне, медициналық қызметке халық аз жүгінуіне әкеледі.

Сонымен қатар кәсіби дәрігерлік ассоциациялар мен кәсіп-одақтардың рөлі артуы тиіс. Бұл қоғамдық бірлестіктер құқықтық қауымдастықпен тығыз байланыс орнатып, медицина қызметкерлерін қорғауда бірігіп жұмыс істеуі керек. 

– Бүгінде медицина қызметкерлері өз құқықтарын білмегендіктен түрлі келеңсіздіктерге тап болуда. Жұмыс берушімен не болмаса емделушімен түсініспеушілік болған жағдайда медицина қызметкерлері заңда көзделген әкімшілік, азаматтық құқықтарын қолдана білуі тиіс. Сонымен қатар, олар өз жауапкершіліктерінен де тыс қалмауы қажет, – дейді М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің медициналық құқық мәселелерін зерттеу институтының жетекшісі Талғат Жұмағазин. 

Айта кетейік, Талғат Жұмағазин облыстағы медицина қызметкерлеріне арнайы медициналық құқық және жауапкершілік жайлы оқыту курсын жүргізді. 

Басқосу кезінде медицина қызметкерлерінің еңбек даулары және тәртіптік жауапкершілік, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің құқығы туралы сөз қозғалды. 

Айғаным АЙТМҰХАН