1980 жылға дейін дүниеге келген Қазақстан азаматтары табиғи шешекке қарсы екпе алған. Табиғи шешек – маймыл шешегіне ең жақын дерт. Бұл туралы «Курсивке» берген ресми жауабында Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Маймыл шешегінің ең жақын туысы – табиғи шешек. 1980 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйымдастырылған ғаламдық вакцинация арқылы жойылды. 80-ші жылға дейін туған Қазақстан азаматтары табиғи шешекке қарсы екпені алған», – делінген хабарламада.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, дәл қазір Қазақстанда қолданылатын ешбір екпе маймыл шешегінен қорғай алмайды.
Айта кетейік, Қазақстанда маймыл шешегінен қорғану шаралары қабылданып жатыр. Дегенмен министрлік әлемде жаңадан маймыл шешегі пандемиясы жарияланбайтынын хабарлады.
«Соңғы 21 күн ішінде эндемиялық елдерден келген және (немесе) барған елдегі жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттерді маймыл шешегінің таралуының профилактикасы және алдын алу шараларының сақталуы туралы хабардар ету, келген студенттерді бақылау, шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту, халықаралық әуежайлардағы, халықаралық темір жол түйісу станцияларындағы, теңіз порттарындағы өткізу пункттерінде міндетті температура өлшеу басталды», – делінген жауапта.
Бұдан бөлек маймыл шешегі тараған елдерден келетін қазақстандықтар мен өзге ел азаматтарын тексеру күшейген. Дерттің табылғаны туралы ақпарат пайда болған жағдайда азаматтар бірден оқшауланып, инфекциялық аурулар ауруханасына жатқызылады.
Еске сала кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялады.
Ал Таиландта еуропалық туристен маймыл шешегінің аса қауіпті штамы анықталған болатын. Маймыл шешегінің Clade 1 мутацияланған түрі Бангкокқа өткен аптада Африкадан келген кавказдықтан анықталған. Ел билігі 66 жастағы науқастың 43 адаммен жақын байланыс орнатқанын анықтап, оларды бақылауға алғанын хабарлады.
Осы жағдайға байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов маймыл шешек індетіне қарсы шараларды күшейтуді тапсырды.
Ақпарат: kursiv.media-дан алынды
Сурет: istockphoto.com