Емханаларда жаңа құрал – FACE-ID арқылы жалған құжат жасауға тосқауыл қойылмақ

Уақыты: 09.09.2024
Оқылды: 1583
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық министрлігі жалған құжат толтыру бойынша заңсыздықты жою үшін цифрлық технологияларды қолданбақ. Бұл жөнінде министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Басты құрал Face-ID болмақ. Бұл сервис науқастарға медициналық қызмет көрсетілгенін растайды.

«Министрлік Астанадағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша республикалық емхана базасында пилоттық жобаны іске қосты. Жоба аясында науқастар Face-ID және веб-камера көмегімен жеке басының сәйкестігін анықтайтын болады. Бұл оларға көрсетілген қызмет туралы деректердің бұрмалануына жол бермеуге септеседі», – деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.

Ақмарал Әлназарова 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан бойынша FACE-ID қолданысқа жаппай енгізілетінін айтты.

Биометриялық жеке бас сәйкестігін анықтау жүйесі нақты деректерді тіркейді. Бұл науқастардың дәрігерге қаралуы туралы жалған есеп жазуға мүмкіндік бермейді. Соған сәйкес бюджет қаржысының, сақтандырылған азаматтар жарнасының мақсатсыз жұмсалуын болдырмайды.

Тоқаев биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 трлн теңге қаржы бөлінгенімен, бұл қаржының нәтижесі көрінбейтінін айтты. Содан бюджет қауқарын ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет екенін мәлімдеді. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін болмайтынын да атап өтті. 

 

ФОТО : Shutterstock/FOTODOM