Жыл сайын елімізде бір жастан асқан балаларға туберкулин сынағы, яғни манту сынамасы жүргізіледі. Ол – баланың туберкулезді жұқтырғанын дер кезінде анықтау үшін жасалады. Туберкулин диагностикасы ағзаға туберкулез қоздырғышы енген жағдайда антиденелерді анықтау үшін жүргізіледі. Тексерудің нәтижесінде сынаманың жан-жағына аллергиялық реакция беріліп, немесе «оң» нәтижені көрсетуі мүмкін.
Вакцинаның салдарынан да әртүрлі белгілер байқалуы мүмкін. Сол үшін одан қорқудың қажеті жоқ. Мұны медицина тілімен «вираж» деп атайды.
Бұл – қоздырғыштың ағзаның қан айналым жүйесінде барын, бірақ, ағзаға әлі толық орналаса қоймағанын білдіреді. Мұндай кезеңде қабыну болмайды. Сондықтан зертханалық және басқа тексеру жолдарымен оның барын анықтау мүмкін емес. «Вираж» кезеңінде бала әлі сырқаттанбаған, бірақ қорғаныш күші әлсіреген кезде ауырып қалуы ықтимал. Сондықтан мұндай белгі байқалған балалар фтизиатр дәрігердің кеңесіне жолданады. Оларға ем тағайындалып, химиопрофилактика жүргізіледі.
Антидене туберкулез таяқшаларын жұқтырғанда ғана пайда болмайды. Ол, сондай-ақ, БЦЖ екпесінен кейінгі алғашқы жылдары және аллергиясы бар балаларда «оң» нәтиже көрсетуі мүмкін. Кейде суық тиіп ауырып тұрғанда немесе сырқаттанып жазылған балаларда да белгі байқалады. Қазіргі кезде диаскин-сынақ арқылы аллергия ма, жоқ туберкулез қоздырғышы ма, бірден анықтауға болады. Бірақ, оны ең қажетті жағдайда ғана қолданады. Басқа уақыттарда манту сынамасын қолданады. Диагностика көп жағдайда қауіпті топқа жататындарға, туберкулез сырқатына шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болғандарға, сондай-ақ, диспансерлік есептен шығарылатын балаларға жүргізіледі. Туберкулин білектің ортаңғы бөлігіне тері астына жасалынады. Ине салынған орында түйме тәрізді инфильтрат пайда болады. Ине салынған жерді тырнауға, уқалауға, моншада жуынып, жөкемен ысқылауға болмайды. Нәтижесі 72 сағаттан кейін оқылады.
Туберкулин сынамасы туберкулин микробактериясының алғашқы рет жұққан және туберкулин сынамасы гиперергиялық нәтиже көрсеткен адамдарды анықтаумен қоса БЦЖ вакциналауына балаларды іріктеу үшін жасалынады. Манту сынамасы мен БЦЖ ревакцинациясы арасындағы аралық кем дегенде үш күн және екі аптадан аспауы тиіс.
Мәлік БАЗАРБАЕВ,
дәрігер