Қазір кадрлық тапшылық еңбек нарығының негізгі мәселесіне айналды. Қай саланың білгірін сөйлетсеңіз шағымы - маман тапшылығы. Жетісу өңірінде медицинада дәрігерлердің жетіспеуі көптен қаузалып жүр. Облыс әкімдігі осы түйінді мәселені шешудің тың жолын тапты. Жыл басынан бері өңірге келіп, жұмыс істейтін ақхалаттылар үшін бір жолғы көтермеақы тағайындалды. Осы мақсатта облыстың қаржы қазанынан 595 млн. теңге қаралып отыр.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен қолға алынған жоба бойынша ауылдық жерде тер төгетін дәрігерлер үшін 10 млн. теңге, ал қаладағы медициналық нысандарда еңбек ететін ақхалаттылар үшін 5 млн. теңге көтермеақы төленеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровтың айтуынша, дәрігерлік кадр тапшылығы былтырғыға қарағанда 8 пайызға төмендеген. Өңірдің бас дәрігері жыл басынан 76 маман Жетісу облысына келгенін алға тартып отыр.
– 10 айда өңірге келіп, ауылдық жерде халыққа медициналық қызмет етіп жүрген 9 дәрігерге, қалаға келген 16 маманға көтермеақы төленді. Биыл шілде мен қазан аралығында жұмысқа қабылданған 45 дәрігерге жыл соңынан қаражат беріледі. Бір айта кететін жайт, осы бастамаға үн қосқан дәрігерлер 3 айлық сынақтан өтуі керек. Тап қазір облыстағы медицина нысандарына 186 маман жетіспейді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш төмендейді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың демеуімен қолға алынған бастама кадр тапшылығын шешуде үлкен демеу болып отыр, – дейді бас дәрігер.
Жеті өзеннен нәр алған өңірге еңбек сіңіруге келген мамандардың бірі – Нұрмұхамед Байжанов. Қырғыз Республикасында білімін шыңдаған Тараз қаласының тумасы 17 жылдан астам уақыт бойы дертіне шипа іздегендерге жәрдемдесіп келеді. Алты ай бұрын Алакөл аудандық ауруханасы басшылығының шақыртуымен келген. Қазір осы аурухананың Қабанбай елді мекеніндегі бөлімшесінде еңбек етуде. Сынақ мерзімінен сүрінбей өткен абзал жанға 10 млн. теңге көтерме ақы төленген. Оған қоса, жергілікті әкімдік баспанамен де қамтамасыз еткен. Енді бастама талабына сай 5 жыл осы медициналық нысанда еңбек етуі керек.
– Біздің мақсат һәм міндет – дертіне дауа іздеген жанға жәрдемдесу. Күніне кішігірім жарақаттарды айтпағанда 2-3 күрделі ота жасаймын. Менде 4 сертификат бар. Меңгергенім – ересек және балалар хирургы, балалар травматологы, балалар ортопеді және балалар урологымын. Осындай тәжірибемен емізулі балаларға да ота жасай аламын. Мұнда заманауи медициналық жабдықтар бар. Бұл жұмысымызды аса тиімді етуде. Айта кететін жайт, бөлімде лапароскоп деген құрылғының бары қуантады. Себебі мұндай құрылғы көп ауруханада жоқ. Мұндай жасалған жағдайлар науқастарды емдеу ісін жеделдетеді, – дейді дәрігер.
Алакөл аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Эльмира Серікова ауданға келген 2 хирург, 2 реаниматолог және 1 акушер-гинекологқа 10 млн. теңге көтермеақы төленгенін, баспанамен қамтамасыз етілгенін алға тартып отыр.
Дастанбек САДЫҚ
Фото: gov.kz