Қышыма – қатерлі жұқпа

Уақыты: 26.10.2024
Оқылды: 1941
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қотыр – адамның денесіне  кене шаққаннан пайда болады. Қотыр шыққан  адам дер кезінде дәрігерге көрініп, емделмесе ол созылмалы ауруға айналады. Қотыр әсіресе кешке қарай, жылы киінген кезде қатты қышиды. Қышынған адам денесін қасып қанатып алуы мүмкін. Ол қанаған жер  асқынып, іріңдейді.

 

Кейінгі кезде қышыманың мазаны алмайтын, бөрткені де онша қаптап шықпайтын жеңіл түрі пайда болды. Қотырдың бұл түрінде беті қанталап қабыршақтанған, бірлі-жарымды ғана бөрткендер болуы мүмкін.

Қышыма бөрткені балалардың алақаны мен саусақтарының арасына, қарнына, шынтақтың бүгілген тері қатпарына, балтырына, өкшесіне, табанның ішкі жағына, құйрығына, иығына, бетіне және басына шығады.

Қышыма  ауру адаммен тығыз қарым-қатынаста болғанда жұғады.  Кейде ауру адам пайдаланған киім-кешек, төсек-орын, ыдыс-аяқ, қол орамал, қолғап, шұлық, аяқкиімді  бірге пайдаланғанда жұғады. Емшектегі сәбилерге қышыма өзін күтіп-бағуға, тәрбиелеуге қатысы бар үлкен адамдардан, сондай-ақ,  үй жануарларынан жұғуы  мүмкін.

Қышыма ауруын жұқтырған кездегі алғашқы белгі – қышу, бөртпенің пайда болуы. Кесел іріңдеп қабыршықтанғанша 8-12 күн өтеді. Қышыну кей адамда дуылдатып, шыдатпай қинайды.  Кейбіреулерінде қатты мазаламайды. Қышыну түнге қарай күшейе түседі. Қотырға тән белгінің бірі –  адам денесінде қотырдың ізі қалып, ұсақ бөртпелер көбейіп кетеді. Қотырдың орны ақшыл-сұрғылт жолақтанып көрініп, ине ұшының ізіндей болады. Ізі тура сызықтай болмай, ирелеңкіреп бір-біріне қатарласа түскен үтір сияқтанып жатады. Осындай белгі байқалса дәрігердің қадағалауына барыңыз. Үйдегі адамдардың амандығы үшін киім, жатын орын заттарын бөлек ұстаңыз. 

Денеде әртүрлі бөртпелер пайда бола бастаған кезде дереу дәрігерге қаралу керек. Тек дәрігер ғана оның қандай ауру екенін айырып, ем тағайындай алады. Сондықтан үйде біреудің айтқанымен емделуге болмайды. 

Әртүрлі қышыма қотырды, тіпті оның асқынған түрін, дұрыс ем қолданса, ең қысқа мерзім ішінде айықтырып жазуға болады. Сондықтан, еш уақытта өз бетіңізбен үйде емделуші болмаңыз! Бұл ауруды тек дәрігер ғана емдеп, жаза алады.

Жоғарыдағы сақтық шараларын  орындау әр адамның міндеті. Сонда ғана  өздеріңізді және басқа адамдарды аурудан сақтап қала аласыз!

Салтанат Байдильдинова,
Жетісу облысы СЭБД инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық
бақылау бөлімінің жетекші маманы

Фото: gov.kz