Аурудың алдын алады

Уақыты: 26.10.2024
Оқылды: 2032
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Инфекциялардың алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе жасау. Вакцинаның көмегімен жұқпалы аурулардың таралуын шектеп, мүгедектік пен өлім жағдайының алдын алуға болады. Әлем бойынша екпелер белсенді жүзеге асырылады. Адамның жасына байланысты жайылып келе жатқан жұқпаның алдын алу мақсатында екпелер салынады. Дамыған елдерде ата-ана  балаларға екпе салдырмаса ұл-қызының  денсаулығына  салғырт қарағандық деп есептеледі.

Екпе салудың нәтижесінде 2000 жылдармен салыстырғанда сырқаттанушылықтың белең алуы бірнеше мыңдаған жағдайға төмендеген. Қол жеткізілген жетістіктердің нәтижесінде инфекциялардың ауыр өтетіндігін көптеген адам ұмытты. Содан барып екпеден бас тарту жағдайлары жиіледі. Вакцинадан бас тарту инфекцияның жұқтыру қаупін арттырып қана қоймай, асқынуға жол беріп, тіпті өлімге апарып соғады.

Сондықтан әр адам өзінің, баласының, қоғамның денсаулығына немқұрайды қарамай, қажетті профилактикалық екпелерді уа-қытында алғаны дұрыс! 

Кейбір ата-аналар ба-лаларына екпе жасатқысы келсе де медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты вакциналай алмайды. Сондықтан, ұл-қызыңыздың денсаулығында қарсы көрсетілім болмаса, қажетті екпені салдырыңыз. Ол өмірге қауіптің алдын алуы мүмкін. 

Егер халықтың 95%-ы екпе алса, балалардың кеселге шалдығу қаупі төмендейді. Өйткені оларды иммунитеті мықты, вакциналанған адамдар қоршайды. Яғни, ұжымдық иммунитет бала-шағаны қорғайды. Егер вакцина алмағандардың саны рұқсат етілген деңгейден асып кетсе, инфекцияның өршуі мүмкін. Мұндай жағдай қызылша мен көкжөтел жұқпасы өршігенде байқалды. Баланың және қоғамның денсаулығы үшін ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпелерді алу қажет.

Елімізде 21 жұқпаға қарсы екпе жүргізіледі. Оның қатарына туберкулез, вирустық «В» ге-патит, «В» типті гемофильді жұқпа, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, пневмококк, қызылша, қызамық, эпидпаротит, адам папилломасы, «А» гепатиті, сібір жарасы, туляремия, кене эн-цефалиті, тұмау, коронавирус, құтырма, оба, іш сүзегі жұқпалары жатады. 

Вакциналарды ДДҰ-ы сертификаттап, Қазақстанда тіркеуден өткен. Франция, Үндістан, АҚШ, Ирландия, Бельгия, Нидерланды, Қы-тай, Ресейде шығарылған. Қазақстандық вакциналар да бар. Балаңыз екпе алмаған болса, білікті маманмен ақылдасып, ұл-қызыңыздың, жақындарыңыздың және қоғамның денсаулығы үшін екпе салдырыңыз!

Индира Кунбасова, 
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары
Фото: 
Getty Images