Күйінгеннен қаламым үгіліп түсті

Уақыты: 18.08.2016
Оқылды: 1589
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талай Олимпиаданы көрдім. Бірақ дәл мынадай сорақыны көргенім осы. Оны өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар. Әңгіменің ауаны кім, не жайлы екенін. Осы жайындағы сөзім жалаң болмас үшін бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен арадағы сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпын. Одан бұрын өз ойымды ортаға салайын. Іштегі шерді ақтарып, сырыммен бөлісейін.

Мені толғандыратын мына мәселе – күндердің күнінде төрт жылда бір ке­ле­тін Олимпиада ойындарының қы­зы­ғы ке­тіп, тіпті сағына күтетін жарысқа ешкімнің қатысқысы келмей көптеген мемлекеттің бәсекеден бас тартуы мүмкін, жан­күйер­лердің келмей қалатын қаупі де жоқ емес. Дәл осылай жалғаса берсе. Тарих­тан белгілі, Олимпиаданың түбіне жеткен тұлғалар болған. Бір мәрте жерге жығы­лып барып қайта түрегелген доданың болашағы бұлың­ғыр болып бара ма, қалай? Әлемді жау­лаған допинг, коммер­циялық үрдіс­тер Олимпиаданың түбіне жетпей қоймай­тын секілді. Сол кезде спортшы мен спорт тілшісінің арманы – Олимпиада дуы­на қосыламыз деген мақсатын да желге ұшырамыз-ау.

Ия, енді жарыстың соңғы күнінде көрген оқиғаға көшейін. Қазақстан мемлекеті үшін маңыздысы бокс спорты екенін жақсы білесіздер. Құдайға шүкір, топқа түскен боксшыларымыз ауыз аштырып, көз жұмдыратын өнерін көр­сетіп жатыр. Жарыс күн сайын ширығып, қызығы мен қиындығын көрсетіп келеді. Пышақтың қырында жүрген спорт­шы­лардың жеңісіне сүйініп, жеңілісіне күйі­ну біздер үшін де, сіздер үшін де оңай­ға соғып тұрған жоқ. Неге десеңіз, Олим­пиадалық ойынға спортшылар ғана емес, сырттағы адамдардың да араласа бастағаны жиырма жылдың мәселесі болып қалды. Егер допинг мә­селесін сонау 1996 жылы Хуан Са­маранч дүние­ге әкелді, соны шектеуге, тоқтатуға күш салып, арнайы комитет ашып берді дей­тін болсақ, Олимпиадаға жекелей адам­дардың қол сұққанына, яғни ұйымдас­тырушылармен жең ұшын жалғастырған делдалдарға да осынша уақыт болды. Өкінішке қарай бұл шын­дық, оны ешкім де жасыра алмайды. Дәл қолынан ұстап алған адамдар да бар. Естеріңізде болса, сонау 2002 жы­лы Солт лейк ситиде өткен қысқы Олим­пиада ойын­дарының қарсаңында ағыл­шынның «ВВС» компаниясы Олим­пиа­да өткізетін жерлерді, өткізу құқығын олимпиадалық комитет өзі сатады екен деген сөзді ес­тіп тәжірибе жасаған болатын. Олар бі­реу­лер арқылы Олимпиаданы бәленше ел­ге сату туралы ұсыныс енгізген әдейі. Ал өздері сыртынан осының барлығын жа­зып жүрген. Сол кезеңде халық­ара­лық олимпиадалық комитеттің бір мүшесі басқалармен ақылдаса отырып, бұл уәжге көнген. Қанша ақша алатынына дейін айтқан. Сөйтіп, компания оларды ұстап, еш жақ­қа бұлтартпайтын дәлелдермен анық­тап, ақыры үлкен шу жасаған еді. Сөйтіп тұ­тылған адам қуылып, тиісті жазасын ал­ған болатын. Бірақ мұнымен бүтін комитет тазалана қалған жоқ. Сол жегідей жейтін құрт жең ұшымен жалғасып бүгінгі күнге дейін келе жатқан секілді. Тіпті тереңдей түскен десек артық айтпағанымыз.

Жарайды, ол өзге тақырып. Біздің айтпағымыз бүгінгі сынға түскен боксшы­ла­рымыз жайында. Әрине, қуанышы мен реніші көп болып тұр. Сенім артқан сер­ке­лерімізді жарыстан шығарып тастап жа­тыр. Әуелі алақанымызда тұрған алтынды жұ­лып алып, көпе-көрнеу басқаның қо­лына ұстатқаны үлкен қиянат. Жүлдеміз жоқ деуге болмайды. Бүгінгі күнге дейін то­ғыз медаль бар. Бірер жүлде көз жанарымызда тұр. Оның қандай бола­ты­нын уақыты келгенде айтатын боламыз. Ал жігіттеріміздің өкініші кімді болса да бей-жай қалдыр­мады. Оны әлем мойындап отыр.  Мен соны дәл ал­дында өз көзіммен көрдім. Зығыр­да­ным қайнап, күйіндім. Қаным басыма шауып, ау­зымнан жүрегім шығып кете жазда­ғандай күй кештім. Жұдырығымды түйгенде уы­сым­да тұрған қаламсап үгіті­ліп жерге түс­ті. Мені мен сіздер осын­дай күй кешкенде бас бапкердің жаны не бол­ды? Қазақтың қара баласы намыстан тұтығып кетті. Өкініштен барма­ғын шай­на­ды. Ренжіді, намыс тапталып бара жатқа­нын көрді. Қолында тұрған жеңісті әді­лет­сіз түрде жұлып алып басқаға бергенде ай­тарға сөз таппады. Атып шығып дау жасауға дәрмені жоқ, заңдылығы бойын­ша құқы­ғы жоқ. Ақыры іштей тынды. Оны сырттан тұрып бақыладық, көзімізбен көр­дік, іштей сездім. Осыдан кейін бап­кер­ді сырласуға тарттым. Ия, одан бұрын тағы мәселені айта кетейін. Левиттің кездесуі аяқтал­ған­нан кейін баспасөз мәслиха­тын­да айтқан жауабын баяндай кетейін.  Мәс­лихатта ең бірінші сұрақты мен қойдым. Айналайын Вася, ең алдымен сені Олим­пиаданың кү­міс жүлдесімен құттықтай­мын! Енді фи­налдық бәсекеден кейін сенің жүрегіңде қан­дай да бір ой қалды ма дедім. Левит сабырлы, салмақты аза­мат екен.  Ешкімге топырақ шашуға ты­рыс­қан жоқ. «Мен бұл тағдырыма риза­мын – деп бастады. – Олимпиаданың кү­міс жүлдегері атандым. Финалдағы шай­қасымды өздеріңіз көр­діңіз­дер. Оған баға беретін мен емес. Ба­ғаны мамандар мен сіздер бересіздер» де­ді. Одан кейін Ресейдің боксшысы Евгений Тищенкоға бір орыс журналисі сұрақ қойды. «Фи­нал­дың нәти­же­сін біз әділет­сіз­дік деп ойлаймыз. Сіз өзіңіз қалай қарайсыз?» деді. Женя да өте білімді, са­лауатты жігіт екен. Сөзінде «Мен шар­шы алаңда болдым. Сондықтан да екеу­міз­дің кездесуіміздің нәтижесін, кімнің жеңгенін тап басып айта алмаймын. Оған менің қақым да жоқ. Бес жақта отырған төреші­лер, одан кейін жюри мүшелері бар, солар шешті. Егер олар жеңіс менікі деп шешкен болса, яғни себептері болған шығар» – деді. Содан біздің журналист сұрақ қойды. Осы әділетсіздік емес пе, әділет­ті­лікке қашан жетеміз деп. Бұл сұраққа Евгений Тищенко «Егер бәсекенің шешімі дұрыс шықпаса онда мен жеңісті қолдан берген Василий Левиттен кешірім сұрай­мын» – деп жауап қайтарды. «Бірақ, мен оны тап басып тағы да айта алмаймын. Мен чемпион болып қолымды көтергенде залдағылар ысқырып, келіспейтіндерін көр­сетті. Ол маған ауыр тиді. Мен жан­күйер­лерді де, қарсыласымды да қатты құрмет­теймін. Істің тағдырын шешу менің қолым­да емес екенін тағы да айтамын» – деп тын­дырымды жауап қайтарды. Мен екеуіне де риза болдым. Бір-біріне топырақ шашпай, нағыз спортшы екендерін айқын дәлелдеді. Спортшы ретінде шайқаста олар шайқасатындығын, төрелікті төре­шілер беретіндігін тағы да бір астын сызып тұрып айта кеткенді жөн санадым. Енді Мырзағалидың жауабына құлақ түрейік.

– Мырзажан, бүгінгі шаршы алаң­ға шыққан боксшылар ту­ралы айтып берсең? Олжастан бастасақ.

– Боксшылардың барлығы жанкүйер­лерін жерге қаратып жатқан жоқ. Бар күштерін салып жатыр. Оған шеберлігі де, таланты да, күші де жеткілікті.

Ал Олжас жайлы айтар болсақ, кезде­су жайы бүкіл әлемге аян. Ол қарсыласы­нан еш кем түскен жоқ. Бас бапкер ретінде нақ­ты айта аламын. Жеңіс біздікі еді. Әт­теген-ай, төрешілер жеңісті алып қойды. Бұл Олжасқа қатты ауыр тиді. Мен де жетісіп отырған жоқпын.

– Жеңісіне нақты сенімді бол­саңыз шағым жасауға бол­май ма?

– ... Бояуы сіңгенен кейін еш нәрсе өзгермейді. Осыдан-ақ байқауға болады. Құйтырқы ойындардың басталып кеткенін.

– Сенім артқан Жәнібекке не болды? Ол да төрешілердің құр­баны болды ма ?

– Арандары ашылып кеткендігі сонша, боксшыларды тірідей жерге тыққандай. Расымен де біздің жігіттердің сағын сын­ды­рып келеді. Жәнібек ең талантты бокс­шының бірі. Алтынға лайықты жігіт. Чем­пион болып тұрса қандай керемет, тіпті жа­расып-ақ кетеді. Оны да жарға жықты. Тө­решілер өз қолдарымен итеріп құлатты десек болады. Шайқасын сүреңсіз деп айтуға келмейді. Тағы да жеңіліс...

– Данияр финалға өтті. Тап­сыр­маңызды толық орындады ма?

– Даниярдың қарсыласы өте мықты. Мықтыны мықты деп мойындауымыз керек. Данияр сауатты бокстасты. Барлық тап­сыр­маны тыңғылықты орындады. Мәрте­бе­сі биік жарыс болғасын қарсыластар түрлі әрекеттерге барады. Жеңіс үшін ештеңе­ден аянбасы анық. Бірінші раундтан бастап ұпай санын молырақ жинады. Ақыры шамасының жетпейтінін білген қарсыласы Даниярды баспен сүзіп, маңдайын жара­лап тастады. Осы әрекеті үшін жарыстан шы­ғып қалды. Төрешілер жеңісті бізге жазды.

– Жарақаты ауыр секілді. Фи­налға шықпай қалу каупі жоқ па?

– Иә, маңдай терісі қақ ортасынан жыртылып кетті. Дәрігерлер тігіп қойды. Бір күн демалысымыз бар. Рұқсат етуге тиіс. Егер рұқсат етпесе амал қанша? Жа­ра­қаты ауыр болса да Данияр оған қа­райын деп тұрған жоқ. Финалда нағыз майдан болады. Алтынды уыстан шығар­маймыз.

– Левиттің жеңісі кімге тие­сілі?

– Левит жарады! Барлық тапсырма­лар­ды ойдағыдай орындады. Үш раундта да қарсыласын бет қаратпай соқты. Жеңіс біздің қолда еді. Төрешілер тағы қиянат жасады. Тіпті ресейліктің қолын көтерген­де залда отырғандар шыңғырып, ысқы­рып, беттеріне түкіруге жақын қалды. Әлем мойындап отыр. Жеңіс Қазақстандікі еке­нін. Өзінің жеңісіне шынайы қуана алмаған боксшыны осындай күйге жеткізген АИБА-ға таңым бар. Қараңыздыршы, Тищен­ко­ның қолын көтергенде бетінде қуаныштың лебі мен шаттық жоқ. Әрине, боксшының кінәсі жоқ. Барлығына кінәлі төрешілер және ортада құйтырқы әрекеттерге барып жүрген адамдар деп ойлаймын. Ал Женя болса менен кешірім сұрады.

– Мұндай әділетсіздікті бұ­рын бастан өткіздің бе?

– Дәл осындай сорақылықты көрме­дім.  Бәрін АИБА есеппен істеп отырғаны айқын көрінді. Сондай-ақ, әрбір мемлекет өздері үшін қалай жұмыс жасап жатқанын осы­дан көруге болады. Біздің жігіттер күйіп кетіп жатыр. Біздің басшылықтың осы­ған назар аудармағанына қайран қала­мын. Менің еш құқығым жоқ. Мен тек бап­кермін. Былайша айтқанда әскербасы. Ал жігіттерім шайқас өнерінің әскерлері. Мен олар­ды шайқасқа, ұрысқа, бокске ғана дайындаймын. Сол әскерлерімнің таза майданда емес, әділетсіз күрестің құр­ба­нына айналып жатқанына қарным ашады. Жерге қаратқан жігіттерім жоқ. Мен сенім­мен айтамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Қызықтың көкесі

CompuBox жүйесінің есебі бойынша, қазақ боксшысы қарсыласына қарағанда әлдеқайда көп соққы жұмсаған және дөп тию көрсеткіші жағынан да Левиттің дәлдігі екі есеге көп.

Мәселен, үш раунд бойы Василий Левит 234 соққы жұмсапты, оның 62-сі (26,5 пайыз) қарсыласына дәл тиген. Джеп соққыларының саны – 55, дәл тигені – 5 (9,1 пайыз). Ауыр соққылары – 179, дәл тигені – 57 (31,8 пайыз).

Тищенко болса небәрі 175 соққы жұмсаған көрінеді. Оның тек 35-і ғана қарсыласына дәл тиген (22,3 пайыз). Джеп соққыларының саны – 44, дәл тигені – 4 (8,3 пайыз). Ауыр соққылары – 109, дәл тигені – 31 (28,4 пайыз).

Несіп Жүнісбайұлы, белгілі спорт журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы, арнайы «Жетісу» газеті үшін Рио Олимпиадасынан.