Жаны саудың – тәні сау. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Десек те, ет пен сүйектен жаралғандықтан сырқаттанбай тұрмайтынымыз анық. Бүгінгі таңда жер-әлемнен келіп жатқан жұқпалардың алдын алып, адамзатты қырылып қалудан сақтап қалып жатқан да денсаулық сақтау саласының мамандары. Экология, ішкен тағам, жүйкеге салмақтың шамадан тыс түсуінен де түрлі кеселдер жабысуда. Сондай кездерде алдымен жаратқаннан араша сұрап, кейін дәрігерлерге үміт артатынымыз рас. Денсаулық сақтау саласының мамандары өміріне қауіп төнген әрбір жанға барынша көмек көрсетеді. Мамандардың жұмыс істеуі мен нақтаманы дұрыс қоюы және емді жайлы жерде жасауы үшін үкімет те барлық жағдайды жасауда. Осы орайда биыл денсаулық сақтау саласында қандай жаңалықтар бар, саланың жұмысын жандандыру барысында нендей шаралар жасалып жатқандығы жайлы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровке бірнеше сауал қойған едік.
– Арман Серікұлы, биыл медицина саласында қандай өзгерістер болады? Жаңа нысандар салына ма?
– Биыл облыстық денсаулық сақтау саласында 88 нысан ашу жоспарланды. Оның 59-ы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында салынса, 20-сы блокты-модульді нысан. Ал 9 нысан жаңадан салынады. Мәселен, өткен жылы облыста 26 медициналық нысан, соның ішінде 24 медициналық және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ, 250 келушіге арналған емхана пайдалануға берілді. Биыл барлығы 88 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында алдағы жылы медициналық қызмет сапасының қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін бірқатар денсаулық сақтау нысаны іске қосылады. Атап айтсақ, 200 орынды онкологиялық диспансердің құрылысы басталады. Өткен жылы әкімдік, Денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақмыс» корпорациясы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құны – 30 млрд. теңге. Сол сияқты Оңтүстік-Батыс ауданда салынып бітпеген ғимарат бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана ретінде қайта жаңғыртылады. Ал Өтенай ауылында 100 адамдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, басталды. Құрылыс жұмысы келесі жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, көпсалалы облыстық балалар ауруханасының сейсмикалық күшейтуімен бірге қайтадан қалпына келтіру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
– Жасыратыны жоқ, медицина саласында кадр жетіспейтіні белгілі. Маман тарту барысында қандай шаралар жасалуда?
– Өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартумен қатар саланы маманмен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлініп, өткен жылы қалалық және ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге тиісінше 5 және 10 млн. теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беру жүйесі республикада алғаш рет Жетісуда енгізілді. Соның нәтижесінде 2024 жылы облыстың медициналық мекемелеріне жұмысқа келген 75 дәрігерге біржолғы көтермеақы берілді. Атап өтсек, мамандардың 24-і ауылдық жерлерге, 51-і облыс қалаларының медициналық мекемелеріне жұмысқа кірді. Оның ішінде жалпы практика дәрігерлері, хирург, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, терапевт, иммунолог, травматолог, химиотерапевт, нарколог, психиатр, неонатолог, онколог, инфекционист, патологоанатом, рентгенолог, невропатолог, гематолог, нейрохирург, дерматовенеролог, УДЗ дәрігері, генетик мамандары бар. Сондай-ақ былтыр сұранысқа ие бейіндік мамандықтар бойынша кадрлар тапшылығын төмендету үшін резидентураға 69 дәрігер түсті. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 162,7 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінде облыста 186 дәрігер қажет. Маман тапшылығы 14 пайызға төмендеді.
– Маман тапшылығын жою, бар мамандардың біліктілігін арттыру барысында қандай шаралар өткізілуде?
– Өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер енгізген болатын. Заң бойынша кем дегенде 5 жыл мерзімге ауылдық жерге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу көзделген. Аса тапшы мамандықтар үшін ең төменгі жалақының жүз есе көбейтілген біржолғы төлем төленеді. Тәжірибе алмасу үшін мамандар шетелдік клиникаларға біліктілігін арттыруға жіберіледі. Былтыр 10 маман Германияның Дюссельдорф қаласындағы клиникаларда тағылымдамадан өтті. Оған қоса денсаулық сақтау мамандарына қосымша білім беру жоспарына сәйкес 614 медицина қызметкері акушерлік және гинекология, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, онкологиялық, кардиологиялық, туберкулез және патологиялық қызметтер және денсаулық сақтау сияқты басым бағыттар бойынша оқудан өтті.
– Шалғайдағы медицина мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамту жайы жайлы айта кетсеңіз?
– Өткен жылы облыста 26 медициналық нысан, соның ішінде 24 медициналық және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 250 келушіге арналған емхана пайдалануға берілді. Биыл 88 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жаңа салынған ғимараттардың барлығы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, өткен жылы 94 ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары пайдалануға берілді. Оның ішінде 3 жаңа құрылыс, 27 блокты-модульді медициналық пункт, 59 «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынып, тағы бесеуі күрделі жөндеуден өтті.
Жоспарға сай облыста қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде, 261 денсаулық сақтау нысанының 136-сы жаңартылмақшы. Сонымен қатар, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Шалғай ауылдарға сапарлайтын «Саламатты Қазақстан» арнайы медициналық пойызы былтыр 2,5 мың рет қызмет көрсетсе, биыл көрсетілетін медициналық қызметпен 4 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Сонымен қатар онколог мамандар аудан орталықтары мен ауданнан шалғай орналасқан ауыл тұрғындарын жылына бір рет скринингтен өткізеді.
– Адам жанының арашашыларының еңбегін бағалау, мерекелерде марапаттау қалай ұйымдастырылады? Медицина ардагерлерін құрметтеу қандай деңгейде?
– Жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімдігі және басқарма басшысы тарапынан ел алғысына бөленіп жүрген мамандарға Құрмет грамотасы, Алғыс хат беріледі. Ал өмірін медицинаға арнаған, біліктілігі мен еңбегі сіңген майталман мамандар әртүрлі деңгейдегі орден, медальдармен марапатталады. Мемлекет басшысының ұсынысымен Жаңа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы, мемлекеттік наградасы енгізілді. Бұл атақ үшін 4 млн. теңге ақшалай сыйлық қарастырылған.
– Кейде жол бойында «Жедел жәрдемге» жол бермей келе жатқан көліктерді байқаймыз. Жұмысына кедергі жасайтындар да бар. Денсаулық сақтау мамандарын қауіп-қатерден қорғау мәселесі қарастырылған ба?
– Күнделікті өмірдегі қызметтерін айтпағанда, елде төтенше жағдайлар орын алғанда медицина қызметкерлерінің алдыңғы шепте жүргені баршаға мәлім. Оған «COVID-19» және «Қаңтар оқиғасы» кезінде ақ желеңді абзал жандардың өмірлеріне қауіп төнсе де басқалардың амандығы үшін күрескені көпке белгілі. Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойылды. Заң бойынша медицина қызметкерлері басқалардың қоқан-лоққысынан қорғалады. «Жедел жәрдемнің» қызметіне келсек, ресми дерек бойынша жедел медициналық жәрдем қызметінің 2 450 санитарлық көлігінің 98%-ы GPS навигациямен жабдықталған. Талдықорғанда «Жедел жәрдем» көлігіне алғаш рет бейнетіркеу камерасы орнатылды. Реанимобильдің төбесінде орналасқан құрылғы жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеуге және бұзушыларға айыппұлдарды автоматты түрде жіберуге қабілетті. Бұл инновациялық технология патрульдік полиция көліктерінде сынақтан өтті. Камера 360 градусқа айналмалы көріністі қамтамасыз етеді. Екі алдыңғы және екі артқы жақтауды түсіреді.
Мұндай шешім жолдардағы қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, жүргізушілердің ережені бұзбауына ықпал етеді. Олар төтенше жағдайларда да ережелерді сақтауға міндетті. «Жедел жәрдем» көліктерін осындай бейнетіркеу жүйелерімен жабдықтау қажеттіліктен туындады. Сонымен қатар интерьер іші де қосымша камерамен жабдықталған. Мұның барлығы жаны қиналған жанға жедел қызмет көрсету үшін жасалған мүмкіндік. «Жедел жәрдем» келе жатқанда адамдық қасиеті бар әр жүргізуші жол беруі тиіс. Кей жағдайда олай болмай жататыны шындық. Сондықтан да мамандарымыздың, сырқат жандардың қауіпсіздігі үшін жан-жағын түсіретін, қай жолмен жүруге болатынын бағамдау үшін камералар пайдаланамыз.
Гүлжан ТҰРСЫН