Жаяу жүру – жанға дауа

Уақыты: 21.01.2025
Оқылды: 643
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жаяу жүру кез келген адамның күнделікті өмірде қолданатын іс-қимылы, дағдысы. Қаз-қаз басқан сәбилік шақтан өмірдің соңына дейін жол жүріп, сапар кешеміз. Мұның бәрінде адам арманға ұмсынып, мақсатқа жету жолында жол басып, алға ұмтылады. Алайда жаяу жүрудің де мақсатты көздегендей өмірге, денсаулыққа тизігер пайдасы орасан. Бұл орайда, жүрудің пайдасы туралы оқырман назарына ұсынғымыз келеді.

Жаяу жүру – бұл қарапайым әрі көп елеп-ескере бермейтін қолжетімді жаттығу. Ол физикалық әрекет болғандықтан денсаулыққа пайдалы. Ғалымдардың пайымдауынша, күнделікті өмірде психологиялық тұрақтылықты сақтау үшін жаяу жүруге міндетті екенбіз. 

Жаяу жүрудің адам өміріне тигізер пайдасы туралы ғылыми тұжырымдарды ретімен айтып өтсек, әуелі психологияға әсері еріксіз тарта түседі. Жүру адам психологиясына бірнеше жағдайда ықпал етеді. Бұл денсаулыққа, көңіл-күйге және жалпы психикалық жағдайға оң ықпал етіп, стресстің төмендеуіне, ми белсенділігінің артуына себеп болмақ. Яғни жүру кезінде денеде эндорфиндер бөлінеді, бұл көңіл-күйді көтеріп, стрессті жеңілдетуге көмектеседі. Жаяу жүру эмоциялық жағдайды тұрақтандырады.

Сондай-ақ, жүру адамның өзін-өзі сезінуін, қозғалыс эмоцияларды, әлеуметтік әсерді бақылауға таптырмас жаттығу, игілікті дағды. Олай дейтініміз, жүру кезінде адамдар өз ойларын реттеуге, тыныштық табуға немесе проблемаларынан алшақтауды үйренеді. Бұл психологиялық саулық үшін маңызды.

Психолог мамандар әлдебір мәселені шеше алмай күйзеліске түскенде жаяу жүріп, қаланы аралауды ұсынады. «Бұл қоғамдағы адамдардың тұрмыстық тіршіліктерін эмоцианалды түрде салыстырып, күйзелістен шығуға жәрдемін тигізеді», – дейді. 

Енді жаяу жүрудің бұлшық етке пайдасына тоқталсақ, кісі күнделікті белгіленген меже бойынша жүріп тұрса бұлшық ет қалыптасып, уақыт өте шымырланып салмақ жинайды. Адам ағзасында шашамен 640 бұлшық ет бар десек, соның 200-і жүрген кезде белсенді күйге түседі.  

Жаяу жүру аяқтың, белдің және жамбастың негізгі бұлшықеттерін күшейтеді. Оған қоса, қан айналымын жақсартып, икемділікті арттырады, салмақты бақылауға көмектеседі, бұлшықеттердің митохондрияларында энергия өндіруді күшейтеді. Митохондриялар – клеткалардың «энергетикалық станциялары», олар оттегіні пайдаланып, майлар мен көмірсуларды энергияға айналдырады.

Жүрудің денсаулыққа пайдасын арттыру үшін ғалымдар мынандай кеңес ұсынады: алдымен тұрақтылықты сақтау, жылдамдықты арттыру, әртүрлі жерде жүру, қадамды көбейту, дұрыс аяқкиім таңдау. Мәселен, тұрақтылықты сақтау арқылы жүйелі түрде, күнделікті немесе аптасына бірнеше рет жүру керек. Одан қанағаттанарлық нәтижеге жету үшін кемінде  30 минуттан күніне ­  5  рет жүру ұсынылады.

Жалпы алғанда көптеген зерттеу нәтижесінде адам күніне 10 мың  қадам жүріп, денсаулығын жақсарта алады екен. 

Маман, кардиолог Майкл Мосли: «Күнделікті жаяу жүру жүрек-қан- тамырлары жүйесін нығайтады, бұл ұзақ өмір сүруге ықпал етеді. 30 минуттық жаяу жүру қандағы қант деңгейін реттеп, денедегі қабыну процестерін азайтады, нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы артады» деп атап өткен. Жүру денсаулыққа пайдалы әсер етуімен қатар қартаю процесін баяулатып, физикалық және психикалық жағдайды жақсартатынын да есте ұстаған абзал. Сондықтан әрбір адам денсаулығына, өміріне пайдалы кеңестерді оқып, күнделікті дағдыға айналдыруға тиіс.

Мұрат КҮМІСБЕК,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің 4-курс студенті 
Фото: massaget.kz